«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауының
ЕРЕЖЕСI
- Жалпы ережелер
Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауын (бұдан әрі – Байқау) жариялайды.
Байқауды ұйымдастыру және өткізу туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Басқарманың интернет- ресурсы мен әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) парақшаларында орналастырылады. Сондай-ақ тиісті мекемелерге (аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне) ресми хат жолданады.
- Байқаудың мақсаты мен міндеттері:
Байқаудың мақсаты қазақстандықтардың бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру.
Байқау өткізудің міндеті облыс (аудандар мен қалалар) аумағында, БАҚ-та (радио (аудиожарнама), телеарна (бейнежарнама), баспа) және әлеуметтік желілерде жарияланатын квазимемлекеттік секторлардың, кәсіпкерлік (шағын және орта бизнес) субъектілерінің (аудандық, қалалық филиалдары) жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандарды ынталандыру.
- Байқауды ұйымдастыру тәртібі
Байқау жергілікті атқарушы органдардың (аудандар мен қалалардың әкімдіктері) қолдауымен өткізіледі.
Байқау аясында қоғаммен, квазимемлекеттік сектормен, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік (шағын және орта бизнес) субъектілерімен байланыс орнатылады.
Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады.
Қазылар алқасының құрамына кемінде үш адамнан тұратын филолог ғалымдар, қоғам қайраткерлері, журналистер кіреді.
Қазылар алқасының мүшелері Байқауға қатысушылардан түскен материалдар негізінде ашық дауыс беру арқылы Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтайды.
Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделеді және оған қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды.
- Байқауға қатысу тәртібі
Байқауға заңды тұлғалардың мемлекеттік тілде жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері және мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандары (келісімшарт бойынша және т.б.) қатыса алады.
Байқауға қатысушылар:
– осы ережеге қосымша берілген нысанда Байқауға қатысуға өтінімді;
– 2023 жылғы қыркүйектен кейінгі мерзімде әзірлеген және аударған жарнама мәтіндерінің тізбесін;
– қазақ тілінде әзірленген және қазақ тіліне аударған жарнама, бейнежарнама, аудиожарнама мәтіндерінің жарияланған орындарын дәлелдейтін құжаттарды (БАҚ беттеріндегі, әлеуметтік желілердегі жарнамалар, телеарна мен радио атауы, фотосурет, баннер, билборд, сілтеме, скриншот, келісілген жарнама үлгілері және т.б.) жолдауы керек.
Байқауға қатысу үшін өтінімдер аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне қарасты тіл саясатын іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімдерге тапсырылуы қажет.
Жергілікті атқарушы органдар:
– бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Байқау туралы хабарландыруды жариялауы;
– мемлекеттік тілде жарнама мәтіндерін әзірлейтін копирайтерлер мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандар арасында Байқаудың аудандық, қалалық іріктеу кезеңдерін ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтауы;
– Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері туралы мәліметтерді (қатысушының жеке куәлігі, жұмыс орнынан анықтама) және олардың жұмысын Басқармаға (zhetysu.til@mail.ru электронды поштасына) 2024 жылғы 9 тамызға дейін ұсынуы қажет.
- Байқау қорытындысы туралы
Байқау қорытындысы, іс-шараның өтетін уақыты қосымша хабарланады.
Марапаттау рәсіміне тек Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері ғана шақырылып, арнайы дипломдар және Басқарма бекіткен жүлде қоры мөлшерінде қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері туралы ақпарат Байқау өткеннен кейін 5 күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Басқарманың интернет-ресурсына, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына орналастырылады.
Мекенжай: Талдықорған қаласы, Қаратал шағын ауданы, 36/Б, Тіл сарайы
Байланыс телефондар: +7 (7282) 40-10-49, +7 777 234 79 78
«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі»
облыстық байқауын ұйымдастыру
және өткізу ережесіне қосымша нысан
«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі»
облыстық байқауына қатысуға
өтінім
- Т.А.Ә. __________________________________________________
- Жасы ___________________________________________________
- Білімі___________________________________________________
- Қызметі__________________________________________________
- Мекенжайы______________________________________________
- Байланыс телефондары_____________________________________
- Қосымша ақпарат ________________________________________
Қолы
Күні