«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ алаңында өткен салтанатты іс-шара барысында атом
холдингі қызметкерлерінің 100 баласы жазғы демалысқа IQanat High School of Burabay
білім беру лагеріне аттанды. Жазғы лагерьге бару үшін 8-10 сынып оқушылары Қазақстан тарихынан, математикадан, география және ағылшын тілінен және Қазатомөнеркәсіптің қызметіне қатысты тестілеуден өтіп, конкурсқа қатысты. Арнайы ауылдық квотаны енгізудің арқасында компания әлеуметтік жобаның барлық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете алды. «Бүгін біздің алдымызда қызметкерлеріміздің балалары – оқушылар тұр. Сіздерді алғашқы жеңісіңізбен құттықтай отырып, жазғы демалысты көңілді әрі тиімді өткізуді тілеймін. Өскелең ұрпақтың дамуына және еліміздің өркендеуіне үлес қоса отырып, бұл жобаны
болашақта да дамытатын боламыз», — деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма
төрағасы Мейіржан Юсупов. Алдағы 10 күнді балалар Бурабайда өткізіп, жасанды интеллектті қолдануды үйренеді, қаржылық сауаттылық, мобилография бойынша тренингтерге қатысады. Балалар Ұлыбританиядан келген оқытушылармен ағылшын тілін күнделікті негізде үйрене алады. Сондай-ақ, оларға гольфты ойнаудан, қыш құмыраларды жасау және садақ атудан, атқа міну және эбрудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Балалардың атом саласына деген қызығушылығын арттыру үшін лагерь бағдарламасын ұйымдастырушылар Қазатомөнеркәсіптің жетекші мамандарымен кездесулерді де қарастырған. Олар балаларға холдингтің әлеуметтік және мәдени саладағы өндірістік жетістіктері туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Ал дәстүрге айналған Open talk аясында жобаға қатысушылар белгілі мотиваторлармен, IQanat High School of Burabay қамқоршыларымен жүздеседі. Жазғы лагерьді ұйымдастырудың тағы бір артықшылығы – кәсіптік бағдар беру сабақтары. Балалар мамандық таңдаудан кеңес алып, мотивациялық хаттар жазуды үйренеді, еліміздің және әлемнің үздік университеттеріне түсу ережелері мен критерийлері туралы біледі.
Өткен жылы балалардың отандық атом саласына деген қызығушылығын арттыру мақсатында іске аса бастаған IQanat High School of Burabay жобасы Қазатомөнеркәсіптегі әлеуметтік және білім беру салаларының негізгі бөлшегіне айналды.