«Жастар» саябағында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Өтенай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл «Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің тұтқасы. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны», — дейді. Сол себепті, өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы жолда ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда мәдениет қызметкерлерінің еңбектері ерекше. Жетісу өлкеміз қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Талды қаламызда жиырмадан астам мәдени мекемелерде мыңнан астам адам еңбек етеді. Қаламыздың мәдени өміріне жаңа өріс, дем беріп, жарқын істердің үлгісі болып биіктен көрінулеріңіз — халыққа рухани құндылық берудегі, ұлттық өнерді насихаттаудағы талмай еткен еңбектеріңіздің нәтижесі. Аса құрметті мәдениет қызметкерлері, сала ардагерлері! Сіздердің еңбектеріңіз қашанда халықпен бағаланады. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерге өз тарапымнан үлкен алғысымды білдіремін. Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнерлеріңізбен қуанта беріңіздер!»-деп құттықтап, лебізін білдірді.
Жиын барысында мәдениетіміз бен өнеріміздің өрістеуіне зор үлестерін қосып, өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты орындап, осы салаға бар ынта-жігерін салып жүрген ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері болғанымен Талдықорған қаласында өтетін барлық қалалық, облыстық, республикалық мерекелік, мерейлі, кәсіби және өзге де іс-шараларды жоғарғы деңгейде өткізіп жүрген мәдениет майданының сайыпқырандары Алғыс хаттармен марапатталды. Қала мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан «Үздік» атанған әнші, биші, көркемдік жетекшілерге ақшалай сыйлық ұсынылды.