Ұлт тәрбиесі – ұрпақтар сабақтастығында

723

Әке – тірек, ана – жүрек, бала – тілек. Мемлекеттің шағын бір бөлшегі болып табылар ошақтың отын сөндірмей, ұрпақ тәрбиелеу зор жауапкершілік жүктері анық. Түтінін түзу түтетіп, ақ бесігін тербетіп, әлди жырын жырлаған   алтын құрсақты батыр аналарға  ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Алтын» және  «Күміс  алқа» табыстау салтанаты өтті.

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртып, отбасының жағымды үлгісін таратып, мәртебесін арттырып жүрген нәзік жандылар қауымын қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтап, марапаттады.  «Халқымызда: «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаса керек. Әр отбасында береке-бірлік, ынтымақ болса, еліміз де өркендеп, дамитыны ақиқат. Бір қолымен әлемді, бір қолымен сәбиін тербетер абзал жан, әр отбасының алтын қазығы  ардақты аналарымыз бен болашақтың  тізгінін ұстар балаларымыз  аман болсын! Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмас. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмақ емес. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» — деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?! Бұл ретте жанұя жарасымын арттырып отырған сіздердің еңбектеріңіз ерен. Өздеріңізге  зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр,  отбасыларыңызға амандық пен бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық пен мереке тілеймін!»-деді.

Сондай-ақ, салтанатты жиында оқуында жеткен толағай табыстары және жасөспірімдер мен жастар арасындағы белсенділігі үшін үздіктер қатарынан табылған № 14 орта мектеп-гимназиясының оқушысы  Ерасыл Жарқынұлы Талдықорған қаласы әкімінің  «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ол Қызылорда қаласы «EVEREST» баспа үйінің ұйымдастыруымен әр облыстың талантты ұл-қыздары, мектеп мақтаныштары жинақталған «Ұлағатты ұрпақ» атты кітабына еніп, «Жыл үздігі — 2024» төс белгісінің иегері атанды. Аталмыш энциклопедия ата-анасының, ұстаздарының, оқу ордасының ғана емес күллі қазақ елінің мақтанышына айналған дарынды ұл-қыздар жайлы жинақ. Білім нәрімен сусындап, спортпен айналысып, өнерімен өрге жүзіп жүрген Ерасыл Нұрлан бүгінгі таңда республика бойынша 100 дарынды балалар қатарында. Ерасыл астрономия, география және тарих ғылымдары жайында ізденгенді, әсіресе ғарыш әлеміне терең үңілгенді ұнатады. Астрономия пәніне жасынан ерте қызығып, зерттеп, ақпарат қорын байытып келеді. Бейнелеу өнерінің графика жанрымен шұғылданады. Спорт түрлерінің ішінде каратэ мен грек-рим күресімен айналысады. Денсаулығын, физикалық әлеуетін нығайту үшін жүзумен айналысады. Болашақта әлемге танымал журналист, ғалым атанып, грек-рим күресінен спорт шебері болуды армандайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз