Жетісулық құтқарушылардың жәрдемі

171

Жетісулық төтенше жағдай департаменті күштері мен құралдары Абай облысындағы су тасқынына қарсы күресу үшін көмекке кетті. Бүгінде 23 құтқарушы, 6 бірлік техника, 4 жүзу құралы мен 8 мотопомпа жұмылдырылған. Олар көрші өңірде топан су кезінде жоғалған адамдарды іздестіріп жатыр.

Жетісулық құтқарушылар абайлық әріптестерімен бірлесіп, Аягөз ауданындағы шаруа қожалығы аумағынан төрт адамды эвакуациялаған, оның екеуі – бала. Құтқарылған жандарға ешқандай медициналық көмек қажет емес. Қазір жерлестеріміз Абай өңірінде бір аптадан бері із-түзсіз кеткен тұрғындарды іздестіру жұмыстарымен белсене айналысып жатыр.

«Жетісу облысында су тасқыны жағдайы қалыпты. Бүгінде 3,7 км су бұру арналарын салу және су тасқыны қаупі бар өзен арналарының 4,6 км механикалық тазалау мен 1,9 км жаға­лауларын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың алаңдауына ешқандай себеп жоқ. Жалған ақпараттарға ермеуге шақырамыз», дейді облыстық төтенше жағдайлар департменттінің басшысы, полковник Нұрлан Бекбосынов.

Жалған ақпарат дегеннен шығады, жақында әлеуметтік желіде Қызылағаш су қоймасының қоршауы жарылғалы тұрғанын айтып, ел іші дүрліккен еді. Ақсулық ағайын азар да безер күйге түскен. Дегенмен жауапты мамандар су арнасынан аспағанын жеткізді. Қазіргі уақытта су қоймасының көлемі 41,9 млн текше метрді құрайды. Оқиға орнына «Қазводхоз» РМК Жетісу филиалының мамандары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған. Таудағы қардың көбі ерігенін ескерсек, енді жұрттың алаңдауына еш себеп жоқ. Жалпы, уақтылы қабылданған шаралар арқылы облыстағы 22 елді мекенде су басу қаупі барынша төмендетілген.

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, Абай облысына қарасты Аягөз ауданында Жетісу құтқарушылары Борлы өзенінде екі тракторшыны іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.

Тағы бір айта кететін жайт, облыс және аудан әкімдігі мен жауапты департамент өкілдері өңірдегі жағдайды күн сайын бақылап отыр. Су басу қаупі бар 30-ға жуық елді мекен селден сақтандырылды. Бұл қатарда Алакөл ауданына қарасты Бескөл және Қабанбай ауылдық округтері де бар. Қос ауылды кішігірім су басып, ауыл тұрғындары әбігерге түскен еді. Дегенмен дер кезінде жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар бөлімі тиісті шаралар қолданды. Арнайы су соратын техникалармен суды сорып, құм қаптардан бөгеттер орнатқан. Зардап шеккендер болмады.

«Есік алдына су жинала бастағанда зәре-құтымыз қашты. Елдегі жағдайды естіп, көңіліміз алабұртып отырғаны рас. Әкімдікке бірден ескертіп, киім-кешегімізді де жинап үлгердік. Әйткенмен, құтқарушылар мен жергілікті билік көмекке келіп, сырттан аққан суға тосқауыл болды. Қазір көңіліміз орнында. Мал-жан да аман-есен. Балалар мектепке дайындалып жатыр», дейді Қабанбай ауылының тұрғыны Анар Ізтілеу.

Былтырғы селден жетісулықтар сабақ алған секілді. Қазір құтқарушылар ауыл-ауылды аралап, су көлемін бақылауда ұстап отыр.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз