Ақсақалдар атқарған игі істер

171

Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының 4-ші пленумы өтті.Оған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт арнайы шақырылды. Пленум қатысушылары алдында сөз алған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков  ұйымның 2023-ші жылы атқарған жұмыстарының есебін баяндап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан туындайтын ардагерлер ұйымының міндеттері туралы айтты.

Шаһарымызда бүгінде  26 мыңнан астам зейнеткер тұрады. 3600 ардагер Кеңес жанынан құрылған 5 салалық орталық пен 6 аймақтық филиалда және олардың құрамындағы 130 бастауыш  ұйымдар арқылы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Ақшабай Керімбеков: -«Бұл игілікті іс-шаралар негізінде егде адамдардың тұрмыс жағдайын бақылауда ұстауға, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға, жастарды аға ұрпақтың отаншылдық және еңбек даңқы дәстүрлері рухында тәрбиелеуге, оларды қазақстандық патриотизм рухында баулуға бағытталған. Осындай игілікті істердің алдыңғы қатарында жүретін аға ұрпақ өкілдері — ардагерлер осы жылы да өздерін өнегелі де тәрбиелі істерімен көрсете білді. 2023 жылға қабылданған жоспарда көрсетілген іс-шаралардың барлығы да өз дәрежесінде өткізілді деп айтуға болады»,-дей келе,барлық бастамаларға қолдау танытып отырған облыс және қала басшыларына ақсақалдар атынан алғысын білдірді. Ардагерлердің алдында сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл жиналған қауымға алғысын айтып,шаһарымыздың өркендеуіне қатысты шараларды бірігіп атқаруға шақырды.

Ақшабай Керімбеков:-«Биыл Алаш ардагері, тарихшы, бүкілроссиялық ІІ- думаның депутаты болған, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 145 жыл толып отыр. Осы мерейтойға байланысты қала ардагерлері мен М.Тынышбаев атындағы қордың мүшелері атамыздың музей-үйін күрделі жөндеуден өткізу және музейдің алдына ескерткіш-бюстін қою туралы облыс әкімі Б.Исабаевтың атына өтініш жолдаған еді. Бұл өтініш қалалық әкімшіліктің қарауына берілген екен. Енді осы бастамадан оң нәтиже шықса екен деген үмітпен отырмыз.   Біздің қалалық ардагерлер ұйымында әрбір орталық пен филиалдарда өз саласынан шыққан зейнеткерлерге материалдық және әлеуметтік жағынан көмектер көрсетіп , демеушілік жасаған мекемелер мен ұйымдар аз болған жоқ.

Бұл қамқорлық іс-шаралар қалалық ардагерлер кеңесінің қазан айын қарттарға көмек көрсету айы деп жариялаған үндеудің аясында атқарылды.

Құрметті ардагерлер!Біздің ұйымның бірнеше жылдар бойы айналысып келе жатқанымен орындалмай келген іс-шаралар «Дала академигі» атанған Нұрмолда Алдабергенов атамызға ескерткіш орнату және «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу жұмыстары еді. Биылғы жылы осы екі маңызды мәселе де өз шешімін тауып іске қосылғаны қала ардагерлері үшін теңдесі жоқ қуаныш болды. Н.Алдабергенов атамызға қойылған ескерткішпен бірге біршама жер телімі бөлініп , абаттандырылып аллея салынғаны және түнгі жарықтар мен ағаштар отырғызылып қала тұрғындарының демалыс орнына айналғаны үлкен жетістік. Ескерткіш қойылған Н.Алдабергенов атындағы көшенің бойында даңқты тұлғалар Д.Қонаев пен Н.Алдабергенов аталарымызға қойылған ескерткіштерге жалғастыра отырып өлкемізден шыққан еңбек ерлеріЗылиха Тамшыбаева , Әбдіқадір Даиров және Байкен Әшімов ағаларымызға да ескерткіштер орнатылып “Батырлар аллеясы” деп аталатын мемориалды кешен құрылысы қолға алынса деген қала ардагерлерінің тілегі бар. «Қарттардың да өнерге бар таласы» атауымен атқарылатын ән байқауы, жыр мүшәйрасы, қолөнер, батагөй жарыстарына қатысушылар саны кейінгі жылдары артып келеді. «Белсенді ұзақ өмір сүру»  орталығын ашу да зейнеткерлердің көптен бері тосып жүрген қуанышы болды.

Кең, жарық бөлмелері бар екі қабатты ғимаратта әр түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіліп жатыр және қатысушылар саны күн санап артуда.

Осы игілікті істердің жолға қойылуына қолдау көрсеткен облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа және облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ермек Мизамбаевқа, қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы Бәзілге қала ардагерлерінің алғысы шексіз!

Қазіргі уақытта бұл орталықтағы әртүрлі үйірмелерге қатысушылар  саны 300 -ден асып кетті. Күн сайын өркендеп халық саны өсіп келе жатқан сәулетті қаламызға бір орталық аздық ететіні білініп қалды. Жаңадан салынып жатқан шағын аудандарында, Еркін және Өтенай ауылдары мен «Шығыс» шағын ауданы сияқты елді мекендерде де дәл осындай орталықтар ашылса ардагерлер үшін үлкен қамқорлық болар еді»,-деген тілектерін де арнады. Шара соңында Пленум қаулысы қабылданды.

 

Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының 2024 жылғы – наурызда өткізілген №4  Пленумының

Қаулысы:

  1. Талдықорған қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Д.Керімбековтің «Қалалық ардагерлер ұйымының 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебі және Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан туындайтын ардагерлер ұйымының міндеттері туралы баяндамасы» назарға алынсын.
  1. Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың жаңа жолдауындағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу туралы айтылған тапсырмасын басшылыққа ала отырып, қала ардагерлерімен жұмыстар жетілдірілсін, ол үшін:
  • Салалық ардагерлер орталықтары мен филиалдардың жұмысын жандандыра отырып жаңадан құрылған «Әжелер кеңесінің» іс-шаралар жоспары әзірленіп, осы жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілсін.
  1. Жас –ұрпақты ұлтымыздың әдет-ғұрып, мәдениетін қадірлей отырып отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында құрылған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасының аясын кеңейте түсу үшін құрылған «Даналық мектебі» тәрбиелік тобының жұмысын жандандырып білім беру мекемелерінде тақырыптарға сай жүйелі түрде өткізіліп тұруын қамтамасыз ету білім беру саласы орталығына тапсырылсын.
  1. Жастар арасындағы қоғамға жат қылықтармен күресу бағытында олардың тәртібіне, тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына жете көңіл бөле отырып тиісті органдармен іс-шаралар өткізіліп тұрсын.
  1. Осы қаулының орындалуы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Қожабековке жүктелсін.

 

                                                                                               Гүлжанат Нұршанова

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз