2023-2024 жылғы қысқы кезеңнің басынан бастап облыс аумағында 185 адам құтқарылды, оның ішінде 13 бала, 58 шетелдік азамат, қар құрсауында қалған 33 техника шығарылды. Жалпы, облыста республикалық автожолдарда – 2, облыстық тасжолдарда 10 қар басу аймағы бар. Бұл жөнінде Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Сағади Әлібай баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Облыс аумағында 2 трассалық-медициналық құтқару пункттері бар, олар қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде де пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, 8 стационарлық және вахталық автобустар базасында 6 жылжымалы жылыту пункттері дайындалды. Қыс мезгілінде ауа райы нашарлаған жағдайда облыстың автожолдарындағы жағдайдың ықтимал асқынуына жедел ден қою мақсатында жалпы саны 498 адам және 110 бірлік жоғары өтімді техника бар күштер мен құралдар топтамасы құрылды» — деді Сағади Әлібай. Сонымен қатар, спикер қыста алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, оның өзгеруін және SMS-хабарламаларды бақылау қажеттігін атап өтті. Әрбір автомобильде шұғыл жағдайда қажетті заттар дәнекерлеу шамдары, арқандар, доңғалақтарға арналған тізбектер, күректер, парафинді шамдар, жылы киім, тамақ пен су болуы керек. Қар құрсауында қалғанда немесе боран кезінде автокөлігіңіз тоқтап қалса «112» нөмірі бойынша көмек шақыру, дабыл беріп, авариялық сигналды қосып, есіктердің бірін мезгіл-мезгілмен ашып, сыртқа шығуға кедергі келтірмейтіндей етіп қар құрсауын тазалау, газдың автомобильге емес атмосфераға шығуын қадағалау қажет.