Ұлтымыздың ұлы мерекесі-Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жетісу облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ «№7 бөбекжай бақшасы»МКҚК қабырғасында «Жасампаз жылдар-жарқын болашақ тұғыры!» тақырыбында танымды да тағылымды шара өтті. Әр мерекеге аса мән беріп, оның өскелең ұрпаққа зор үлгі болуын жіті назарында ұстайтын аталмыш тәрбие ордасының басшысы, халық қалаулысы-Гүлниса Тұлымшақова салтанатқа өздерімен тығыз байланыста еңбек етіп жүрген серіктес мекемелердің өкілдерін қонақ ретінде шақырды. Әнұранымызды нақышына келтіре шырқаған бүлдіршіндердің үнінен бастау алған мерекелік шара әрі қарай патриотизм рухына толы өлең- жырлармен өріле жөнелді.Ұлы даланың еркін ұландары тәрбиешілерінің тер төге отырып жұмсаған еңбегін ақтап,мың бұрала би билеп, спортта да белсенді екендіктерін көпке паш етті. Сәбилер орындаған «Ормандағы өрт» ертегісі өте сәтті шықты. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды бойларына кішкентай кезден сіңіріп өскен балапандардың әр ісі болашағына сенім ұялатары сөзсіз. Тәуелсіз елдің саялы бесігінде тербеліп өсіп келе жатқан ұрпағымыздың денсаулықтары мықты,аспаны ашық болсын! Бөбекжай ұжымына табыс, береке тілейміз.
Гүлжанат Нұршанова.