Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру жүйесін дамыту, білім сапасын арттыру және педагог мәртебесін нығайту мәселелеріне айрықша назар аударды. Президент айқындаған басым бағыттар еліміздің білім беру саласын заман талабына сай жаңғыртуға, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға және педагогтердің кәсіби қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру, оқушыларға сапалы әрі қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи талаптарға сай қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру міндеттері алға қойылды. Әсіресе, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық ресурстармен қамтамасыз ету және инклюзивті білім беруді дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Жолдауда педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау мәселесіне де ерекше мән берілді. Мұғалімнің негізгі міндеті – білім беру, оқушының қабілетін ашу және тұлғалық дамуына ықпал ету. Сондықтан педагогтерді артық жүктемеден, негізсіз қағазбастылықтан және оқу-тәрбие үдерісіне тікелей қатысы жоқ әкімшілік жұмыстардан арылту маңызды. Сонымен қатар мұғалімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіби еркіндігін қамтамасыз ету, еңбегін лайықты бағалау және қоғамдағы абырой-беделін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Өйткені сапалы білімнің негізінде кәсіби білікті, шығармашыл әрі өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын педагог тұрады. Жолдауда белгіленген міндеттер мен бастамалар білім беру саласын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге, мектептердің әлеуетін арттыруға, педагог кәсібінің беделін нығайтуға және әрбір баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін тиімді жүйе қалыптастыруға негіз болады.
Айдана Мұхтар, мұғалім





























