Жетісу филармониясына халық әртісінің есімін беру ұсынылды

338

Талдықорған қаласында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда алдымен қала әкімі Әсет Масабаев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Осы орайда шаһар басшысы Жетісу облысының орталығындағы баспана, инженерлік инфрақұрылым, электр жүйелері, қаланы абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары, жабайы сауда мен өзге де өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып, көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап берді.

Әсет Дүйсебекұлының мәліметінше, көпшілікті толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – баспана. Бүгінде облыс орталығында 15 мыңға жуық азамат үй кезегінде, 40 мыңнан астам адам баспана салу үшін жер алу кезегіне тіркелген. Өкінішке орай бүгінгі күнге дейін Талдықорғанда мыңнан астам пәтер заңсыз қолданысқа берілген. Мұнда заң бұзушылықпен берілген 1 026 пәтердің 210 мемлекеттік органдардың балансына берілсе, 147 факт бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің арнайы тексеруінде.Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 400-ден астам сот отырысы өтіп, 200-ден астам пәтер заңдастырылған. Ал, Талдықорғанда жалпы саны 114 пәтері бар 15 апатты  тұрғын үй бар.Өткен жылы қаланың тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында Кивилев көшесі бойындағы 4 тұрғын үй иелерінің мәселесі оң шешімін тапса, биыл 1,2 млрд.теңге қаражат жұмсалып  82 пәтер иесін  жаңа қонысқа көшіру жоспарда. Сонымен қатар өңір тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмыстары да басты назарда. Мәселен, жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша аймақта қазандық құнын қоса есептегенде көгілдір отынға қосылу құны 450 мыңнан 600 мың теңгені құраған. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша  табиғи газға қосылу құнын төмендету үшін «Жетісу Газ Сервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы монтаждайтын мекемелермен арнайы келісімшартқа отыру сынды ұсыныстар қаралуда. Жалпы аймақта бұрынғы орын алған олқылықтарды жоюмен қатар жаңа жоба жоспарларға сай атқарылып жұмыстар да аз емес. Өңір тұрғындарының білім, спорт пен мәдениет, ауызсу, жарық, жылу, көше жолдарын жасау сынды талап арыздарының барлығы рет-ретімен шешімін табуда.

Қала әкімінің баяндамасынан кейін қоғамдық кеңестің мүшелері жеке-жеке өз ұсыныстарын айтып, ұтымды жауаптар алды. Әріқарай жалғасқан қоғамдық кеңестің отырысында 2023 жылғы жұмыс жоспарын бекіту және мүшелерді құрамнан шығару және жаңа сайлау мәселелері қаралды. Отырыс барысында Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков аймақтағы мәдениет саласының қызметкерлері қаладағы  филармонияға белгілі әнші Дәнеш Рақышевтің есімін беруді ұсынып отырғанын жеткізді. Ал, кеңестің бірнеше мүшесі филармонияның бұрынғы атауы халық әртісі Мұқан Төлебаевтың есімін қайтаруды сұрады. Сонымен дауыс беру барысында 3 дауысқа ие болған Дәнеш Рақышев атауы емес,15 дауыспен көпшіліктен қолдау тапқан  Мұқан Төлебаевтың есімін беру туралы қала әкімінің қарауына ұсыныс хат жолданды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз