Жетісу – туристік әлеуеті жоғары өңір. Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Бұрхан-Бұлақ, Жасылкөл, Текелі мен Жаркент өңірі туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында туризм саласын дамытуға ерекше назар аударып, халықаралық туристерді тарту, туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту және перспективалы туристік бағыттардың әлеуетін ашу бойынша нақты міндеттер қойды. Осы тапсырмалар аясында Жетісу облысында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
Алакөл жағалауындағы өзгерістер мен жаңа инфрақұрылым
Бүгінде негізгі жұмыстардың бірі – туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту. Бұл бағытта ең ауқымды жұмыстар Алакөл жағалауында жүргізілуде. Жарықпен қамту мәселесін шешу мақсатында 2025 жылы Алакөл жағалауында 57 шақырымға жуық электр желісі мен екі қосалқы станцияның құрылысы аяқталды.
Ақши ауылында кәріз жүйесінің бірінші кезеңі бітіп, 69,7 шақырым кәріз желісі салынды. Қазіргі уақытта екінші кезең – кәріз-тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Алакөл жағалауын шайылудан қорғау мақсатында жағалауды нығайту жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда Көктұма ауылында 960 метр, Ақши ауылында 200 метр жағалау нығайтылды. Жобаның келесі кезеңінде жағалаудағы серуендеу аймағын абаттандыру жоспарланаған. Онда жарықтандыру, санитарлық нысандар, демалыс орындары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау қарастырылған.
Жазғы туристік маусымда көл жағалауында 720 қоқыс жинау құралы, 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана орнатылды. Сонымен бірге туристердің судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырым буйлық қоршау және 7 пирс жабдықталды. Көлік қолжетімділігі бойынша да үлкен жұмыстар атқарылды. Алакөл бағытындағы Үшарал – Достық автомобиль жолының 180 шақырымы қайта жаңғыртылды, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылды. Биыл жазғы маусымда Алматы – Үшарал бағыты бойынша аптасына 4 рет, Астана – Үшарал бағыты бойынша аптасына 3 рет әуе рейстері қатынады. Сонымен қатар Алакөл бағыты бойынша жолаушылар пойыздарының саны 12-ден 13-ке дейін артты.
Туризм көрсеткіші өсті
Екінші маңызды туристік бағыт – Балқаш көлі. Біздің мақсатымыз – Балқашты Алакөлмен қатар өңірдің тағы бір ірі жағажай туристік орталығы ретінде кезең-кезеңімен дамыту. Қазіргі уақытта Сарқан ауданының Лепсі ауылында «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы салынуда. Жобаның жалпы құны – 7,4 миллиард теңге. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі 93 пайызды құрайды. Сонымен қатар Балқаш жағалауында жалпы аумағы 29,3 гектар болатын үш коммуналдық жағажай – «Арбат», «Балдәурен» және «Дәстүр» кезең-кезеңімен абаттандырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі туристік саланың негізгі көрсеткіштерінен де байқалады.
Биылғы жазғы туристік маусым қорытындысы бойынша Алакөл және Балқаш көлдеріне 2,3 миллион адам келді. Оның ішінде Алакөлге – 1,9 миллион, Балқашқа – 376 мың адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға жоғары. Көрсетілген ақылы туристік қызметтердің көлемі 2 есеге артып, 16,2 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде Алакөлде – 14 миллиард теңге, Балқашта – 2,2 миллиард теңге. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында перспективалы туристік бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыруға да ерекше назар аударылып отыр.
Еліміздегі ең биік сарқырамалардың бірі – Бұрхан-Бұлаққа апаратын 31 шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылуда. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінде Жасылкөл көліне апаратын 6 шақырым автомобиль жолы жөнделуде. Сонымен қатар «Ағыны қатты» өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Бұл жобалар бұрын қолжетімділігі қиын болған табиғи нысандарды туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Жетісуда әлі де толық ашылмаған үлкен әлеуеттің бірі – тау және белсенді туризм. Жоңғар Алатауы мен Текелі аумағында альпинизм, треккинг, жаяу тау туризмі, құзға өрмелеу, парапланеризм, тау велосипеді және қысқы демалыс түрлерін дамытуға табиғи мүмкіндік мол. Бұл бағыттарды дамыту арқылы туристік маусымды ұзартып, Жетісуды тек жазда емес, жыл бойы турист қабылдайтын өңірге айналдыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар экологиялық, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, этнографиялық және ауылдық туризмді дамытуға мүмкіндік бар.
Инвестиция, халықаралық интеграция және жаңа мастер-жоспар
Тағы бір маңызды бағыт – инвестиция тарту. Мемлекет тарапынан жол, электр, кәріз және басқа да базалық инфрақұрылым жасалған сайын жеке инвесторлардың туристік нысандар салуына қолайлы жағдай қалыптасады. Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағында жеке инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Pana Asia» компаниясымен жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын бірқатар туристік жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда.
Жолдауда белгіленген тағы бір маңызды міндет – халықаралық туристерді тарту. Бұл бағытта да нақты нәтижелер бар. 2026 жылдың алғашқы 6 айында Жетісу облысына 4 012 шетелдік турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға жоғары. Өңірді халықаралық деңгейде танытудың тиімді құралдарының бірі – ірі іс-шаралар өткізу.
Биыл Жетісу облысында парапланер спортынан Әлем кубогы өткізіліп, оған 30 елден 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс туралы «Euronews» халықаралық телеарнасында арнайы репортаж жарияланды. Сонымен қатар «Сиверс алма ағашының гүлденуі» және «Алакөл толқыны» фестивальдеріне 12 мыңнан астам турист қатысты. Олардың арасында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Беларусь елдерінен келген қонақтар болды.Аталған екі фестивальдің әлеуметтік желілердегі жалпы онлайн қамтылуы 20 миллионнан астам қаралымды құрады.
Өңірдің туристік әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында 12 шетелдік блогердің қатысуымен ақпараттық тур ұйымдастырылды. Олар «Алтын-Емел», Жоңғар Алатауы және басқа да табиғи туристік нысандарды аралап, өз аудиторияларына Жетісудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында «Жоңғар Алатауы» ақпараттық туры өткізілді. National Geographic Qazaqstan-мен бірлесіп «Алтын-Емел» ұлттық паркіне арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Яғни біз туристік нысандарды дамытумен қатар, Жетісуды ішкі және халықаралық туристік нарықта танытуға да басымдық беріп отырмыз.
Алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі – осы жұмыстарды бір жүйеге біріктіру. Қазіргі уақытта Жетісу облысының туризмін дамытудың 2026–2031 жылдарға арналған мастер-жоспары әзірленуде. Бұл құжатта туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру, инвестиция тарту, туристік маркетинг және туристік маусымды ұзарту бойынша нақты шаралар айқындалатын болады. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер аясында біздің мақсатымыз – туристер санын ғана арттыру емес.
Ең бастысы – Жетісуға келген әрбір турист үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі сапалы туристік орта қалыптастыру, туристік маусымды ұзарту және туризмнің өңір экономикасына қосатын үлесін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Маржан САЙДИЛЬДИНА,
Жетісу облысы туризм басқармасының бөлім басшысы





























