Жетісу облысында аумақтарды абаттандыру және коммуналдық қалдықтарды ретке келтіру жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Іс-шаралар жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оларда қалдықтарды басқару нысандарын салу және жаңғырту, оларды қайта өңдеу көлемін арттыру, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағыттары қамтылады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен Талдықорған қаласында қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және термиялық кәдеге жарату бағытында заманауи кешен құру жоспарлануда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы, өңірде коммуналдық қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Ол үшін жаңа нысандар салуды, қолданыстағы полигондарды рекультивациялауды және қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бекітілді. Атап өтсек, қазіргі таңда өңірде 182 уақытша қалдық сақтау орны және 7 полигон жұмыс істейді. Қоқыс жинау және шығару жұмыстарымен 24 арнайы ұйым айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптауды жылына жалпы қуаты 68,8 мың тонналық 6 кәсіпорын жүзеге асырады.
– Бірінші кезең аясында Сарқан және Үшарал қалаларында полигондар салу, сондай-ақ Текелі қаласындағы полигонды рекультивациялау жобалары әзірленді. Талдықорған қаласында қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және термиялық кәдеге жарату бойынша заманауи кешен салу негізгі жобалардың қатарында. Жобаға 11 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, 70 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Кешеннің ауданаралық маңызы болады, яғни Талдықорған қаласына, оған жақын орналасқан Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарына, сондай-ақ Текелі қаласына қызмет көрсету үшін пайдаланылмақ. Аталған аумақта жыл сайын шамамен 120 мың тонна қалдық түзіледі, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Диас Досмұханов.
Сонымен қатар өңірде елді мекендерді абаттандыруға байланысты экологиялық жұмыстар да жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 180 іс-шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам адам қатысты. Осы кезеңде 58 мың көшет отырғызылып, 9 мың тонна қоқыс шығарылды.
Бұдан бөлек, биыл аумақтарды абаттандыруға да қаражат қарастырылған. Қаржы қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды, балалар және спорт алаңдарын жаңартуға, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге, арық жүйелері мен көшелерді жарықтандыруға бағытталуда.
Көгалдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін облыста 121 мың көшет отырғызу жоспарланған. Осылайша, экологиялық бастамалар елді мекеендерде таза көше мен абаттандырылған ауладан бастап, жаңа жасыл аймақтар қалыптастыруға дейінгі нақты өзгерістермен толықтырылуда.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – тұрғындармен кері байланыс орнату. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» Telegram-боты жұмыс істейді. Ол арқылы тұрғындар аумақтардың санитарлық жағдайы мен абаттандырылуына қатысты мәселелер туралы хабарлай алады. Telegram-бот белсенді жұмыс істей бастағаннан бері 814 өтініш келіп түсті, оның 668-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Осылайша, Жетісу облысында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоршаған ортаны жақсартумен қатар, инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға, қалдықтарды басқару мәдениетін қалыптастыруға және өңір тұрғындары үшін қолайлы орта құруға ықпал етуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Инфографиканы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы дайындаған, сол сияқты иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды.





























