Отбасы күніне орай Талдықорған қаласының «Жанұя» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Неке тек өзара келісім бойынша» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шара Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Қаратал 1Е, №3 жатақханада 1-2 курс студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесуге «Жанұя» отбасын қолдау орталығының халықпен профилактикалық жұмыс жөніндегі маманы Нурмухаметова Айнур Касеновна, Алматы облысы Заңгерлік палатасының мүшесі, заңгер, Таулы Қарабах ардагерлері ұйымының Жетісу облысы бойынша төрағасы Намазбаев Айдарбек Билибекович, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының заңгері Чинибекова Тамара Ярмухамедовна, Талдықорған қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық бөлімінің басшысы, полиция майоры Булдыбаева Залха Сериковна және орталықтың бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маманы Сансызбаева Аяулым Бахытқызы қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғамдағы отбасының маңызын арттыру, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық, сүйіспеншілік, түсіністік пен қолдауды насихаттау. Сонымен қатар жастарды отбасы құру мәселесіне жауапкершілікпен қарауға, жақындарының қадірін бағалауға және отбасылық құндылықтарды құрметтеуге шақыру көзделді.
Шара барысында студенттерге «Өз отбасыңызды бір сөзбен қалай сипаттар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Қатысушылар өз жанұяларына тән басты құндылықтарды «махаббат», «бақыт», «бірлік», «татулық», «сенім», «жылулық», «қолдау» сынды мағыналы сөздермен сипаттады.
Студенттердің жауаптары әр отбасының өзіндік ерекшелігі мен құндылығы бар екенін көрсетті. Сонымен қатар отбасының адам өміріндегі маңызды рөлі, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қолдауының мәні айқын көрінді.
Кездесу барысында мамандар жастарға неке мен отбасылық қарым-қатынастың маңызы, өзара келісім мен сыйластықтың қажеттілігі, сондай-ақ отбасындағы құқықтар мен жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шара студенттер арасында отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға, отбасы институтының беделін арттыруға және жастардың отбасылық қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталды.
Қорытындылай келе, «Неке тек өзара келісім бойынша» тақырыбындағы кездесу отбасының әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бір ғана сөздің өзіне тұтас бір отбасының жылуы, тарихы, қуанышы мен құндылығы сыйып жатқаны студенттердің ой-пікірлерінен байқалды.
Іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен мазмұнды әрі тағылымды түрде өтті. Кездесу жастарға отбасының қадірін сезінуге, отбасылық құндылықтарды бағалауға және оларды қоғамда дәріптеудің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.





























