Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде «Азамат тәрбиеленген отбасы», «Азамат тәрбиеленген әке» тақырыптарында өнегелі отбасымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келе жатқан Балқыбеков Серікбек Балқыбекұлы мен Балқыбекова Дина Байдүйсенқызы қатысты.
Серікбек Балқыбекұлы мен Дина Байдүйсенқызы – 50 жылдық отбасылық өмірінде өзара сыйластықты, түсіністік пен сүйіспеншілікті басты құндылық еткен өнегелі шаңырақ иелері. Бүгінде олар 5 баланың, 14 немеренің және 3 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты отбасы.
Кездесу барысында отбасы құндылықтары, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адал еңбек пен білімге ұмтылу, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы туралы тағылымды әңгімелер айтылды.
Қаһарман отбасы мүшелері өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпаққа отбасын қадірлеу, ата-ананы сыйлау, еңбекқор әрі жауапты азамат болу жөнінде ақыл-кеңестерін жеткізді.
Серікбек Балқыбекұлы мен Дина Байдүйсенқызының жарты ғасырлық ғұмыры – отбасы беріктігінің, адалдық пен өзара құрметтің жарқын үлгісі. Олардың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлгі-өнегесі – кейінгі буын үшін үлкен тағылым.
Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында ұлттық және отбасылық құндылықтарды қалыптастырып, ата-анаға деген құрметті арттыруға, отбасы институтының маңызын насихаттауға ықпал етеді.
Берекелі отбасы – елдің берік негізі!





























