Бүгін 1 қыркүйек – Білім күнінде Жетісу облысында екі жаңа мектеп ашылды. Сондай-ақ 2 мектеп күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берілді. Осы күні іске қосылған жаңа білім мекемесінің бірі — Текелі қаласы Рудничный ауылындағы мектептің салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Атап өтсек, осыдан бір жыл бұрын өңір басшысы мен Бас прокурор Берік Асылов бұл мектептің іргетасына «Уақыт капсуласын» салған болатын. Бұл ғимарат Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен бой көтерді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде өңір басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, адами капиталды дамыту мен білім саласын қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап өтті:
— Президенттің кітап оқитын, сапалы ұлт қалыптастыру бастамасы ең алдымен білім мен ғылымға ұмтылған, қоғамдық мәдениеті жоғары, зерделі ұрпақ тәрбиелеуден басталады. Осы орайда жастардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру үшін мектептерді жаңғырту кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері 24 білім беру нысаны жаңадан бой көтеріп, 27 нысан күрделі жөндеуден өтті. Біз бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастырамыз, — деді Бейбіт Исабаев.
Мұнан соң облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов сөз сөйлеп:
— Мемлекет басшысы қайтарылған активтерді ел игілігіне пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы тапсырманы орындау бағытындағы жұмыстар Бас прокуратураның бақылауында жүзеге асырылуда. Бүгінде сол жұмыстардың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Осындай әлеуметтік маңызы зор нысандардың бой көтеруі – ел игілігіне бағытталған жұмыстардың жемісі. Бұл – балаларымыздың сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік, — деді ол.
Мектептің сиволдық кілтін табыстау рәсімінен кейін мектептің ашылу лентасы қиылып, жиналған қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.
Мектеп директоры Әсел Жақсыбаеваның айтуынша, білім мекемесі 200 орынды, оған қоса 30 тәрбиеленушіге арналған шағын орталығы бар. Мұнда асхана, акт залы, физика, химия, биология, цифрлық форматтағы мультимедиялық кабинет, шеберханалар қарастырылған. Биылғы оқу жылында 145 оқушы оқиды, 38 педагог жұмыс істейді.
Жаңа мектепте еңбек ететін мұғалімдер арасында биыл жұмысқа тұрған жас маман да бар.
— Мен Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті бітіріп келдім. Алғашқы жұмыс орнымды жаңа мектепте бастап жатқаныма қуаныштымын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін, 7 сынып жетекшісімін. Оқушылардың зейінін ашуға, терең білім беруге, мектепке еңбегімді сіңіруге бар күш-жігерімді жұмсаймын, — деді жас маман Балнұр Отарбай.
Жаңа мектептің ашылуына қатысты ата-аналар мен оқушылар да пікір білдірді.
— Отбасында бес балам бар. Балаларымның бәрі осы Рудничный ауылының мектебінен білім алуда. Үлкен қызым Алтын белгіге бітіріп, қазір жоғары оқу орнында физика пәнінің мұғалімі мамандығына оқып жатыр. Төрт балам бүгін жаңа мектепке келді. Бұрынғы ғимарат қыста суық болды, балалар сырт киім киіп отыратын. Жаңа мектеп заманауи, мұнда білім алуға қажетті барлық жабдықтар бар. Осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, — деді көп балалы ана Айнұр Жақия.
— Өзім робототехникамен айналысқанды жақсы көремін. Бұрынғы мектепте оған мүмкіндік жоқ еді. Қазір жаңа ғимаратта робототехникаға арналған арнайы кабинет бар. Осы кабинетте топ болып, түрлі роботтар құрастыруды үйренеміз. Бұл біздің ІТ саласының алғашқы әліппесін мектеп қабырғасынан біліп шығуымызға көп көмегін тигізеді деп ойлаймыз, — дейді 10-сынып оқушысы Мирас Нұршатұлы.
Жалпы, биылғы жаңа оқу жылында өңірде екі жаңа мектеп – Текелі қаласы Рудничный ауылындағы № 7 мектеп пен Панфилов ауданы Сүптай ауылындағы орта мектеп, сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен тағы екі — Көксу ауданы Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы және Ескелді ауданы Елтай ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептер қолданысқа берілді.
Облыс құрылғаннан бері атқарылған шаралардың арқасында әлеуметтік сала нысандарының жаңартылу деңгейі 55,8% болды. Сонымен қатар 2022 жылы облыста бейімделген мектептер саны 75 болса, қазір бұл көрсеткіш 37-ге дейін қысқарған.
Еске салсақ, қайтарылған активтер есебінен облыс аумағында жалпы саны 29 нысан салынуда, соның 4-еуі – мектеп (Рудничный ауылындағы мектепті қоса алғанда), сондай-ақ денсаулық сақтау және су шаруашылығы нысандары бар.





























