Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды

2

Оның пікірінше, мемлекеттердің географиялық байланысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық артықшылығы саналады.

– Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз, – деді Президент.

🟦Тағы бір басым бағыт ретінде жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру айтылды. Президент жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы ШЫҰ елдерінен өзгерістерге бейімделуді ғана емес, озық шешімдерді де талап етеді деп санайды.

– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, инновациялық әлеуеті мол. Сондықтан тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табуды және құзыреттілікті арттыруды жеделдетуге болар еді. Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

🟦Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударып, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.

– Сөз соңында Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын екенін тағы да растаймын. Өзара сенім мен ықпалдастықтың арқасында біз бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін. Еліміз осы жолды бірге еңсеруге әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз