Қауіпсіздікті қамтамасыз ету: Талдықорғанда 30 мыңнан астам тұрғынға жаңа өрт сөндіру депосы қызмет етеді

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жаңа өрт сөндіру депосының ашылу салтанаты өтті. Барлық қажетті техникамен қамтылған, кадрлық құрамы толық өртке қарсы кешен қаланың жаңа шағын аудандарында тұратын 30 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы наурызда құтқару кезіндегі қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Дамир Тарановтың құрметіне мамандандырылған жаңа №20 өрт сөндіру бөліміне оның аты берілді.  

Стратегиялық маңызы бар нысанның ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ Дамир Тарановтың отбасы мүшелері мен жақындары қатысты.

Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев:

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде төтенше жағдайлар саласының инфрақұрылымы мен материалдық базасын нығайту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жасалса, биыл Көксу ауданы Балпық би ауылында жаңа өрт сөндіру депосы салынып, пайдалануға берілді. Бүгін Талдықорған қаласында да заманауи ғимаратын ашып отырмыз. Сол сияқты «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде 18 өрт сөндіру бекеті салынуда. Оның бүгінгі күнге 10 пайдалануға берілді. Қабылданған жүйелі шаралардың арқасында Төтенше жағдайлар департаментінің техникамен жабдықталуы 84%-ға жетті. Алдағы кезеңде бұл жұмыстар жалғасады, — деді Б. Исабаев.

Шыңғыс Әрінов Мемлекет басшысының халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты. Ол осыған байланысты жүйелі шаралар қабылданып, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған заманауи өрт сөндіру депосының Талдықорғанда ашылуы осы бағытта атқарылған маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті:

— Бүгінгі шараның маңызы ерекше. Азаматтық қорғау майоры Дамир Тарановтың рухына тағзым етіп, есімін құрметтеп, Талдықорғанда азаматтық қорғаудың маңызды нысанын ашып отырмыз. Дамир Таиржанұлының ерлігі – бүгінгі және болашақ құтқарушыларға қашанда үлгі. Жаңа өрт сөндіру бөлімінде төтенше жағдайларға жедел әрі уақтылы ден қою үшін барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-жабдықтар мен техника бар. Мұның бәрі, ең алдымен, құтқарушылардың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Адамдарды құтқару үлкен жүректі, жауапкершілікті және жоғары кәсіби дайындықты қажет етеді. Жаңа өрт сөндіру бөлімі талдықорғандықтардың игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етеді деп сенемін, – деді ол.

Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін қонақтар мен қатысушылар өрт сөндіру бөлімінің ғимараты мен оған іргелес аумақтың жабдықталуымен танысты.

Белгілі болғандай, депо құрылысының қажеттілігі қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде халықтың тығыз орналасуының арта түсуіне байланысты туындаған. Оның қызмет көрсету радиусы 10 км. Бұл 30 мыңнан астам тұрғыны бар бірнеше жаңа шағын аудан мен оған іргелес тұрғын секторларды өрттен қорғауға мүмкіндік береді.

Депо ғимаратында тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті жағдай жасалған. Мұнда мультимедиялық экранмен жабдықталған оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық техникасы бар ас үй, демалыс және психологиялық тұрғыдан тынығуға арналған бөлмелер қарастырылған. Жеке құрамның дене дайындығын жетілдіру үшін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залы бар. Сондай-ақ аумақта волейбол және спорт алаңдары, жүгіру жолы жасақталған.

Жалпы, депо кешенінің құрамына гараж бокстары, мұнарасы бар оқу-жаттығу алаңы, көлемі 50 текше метр өрт сөндіру су қоймасы және бақылау-өткізу пункті кіреді. Бөлімшенің қару-жарақ және техникалық жарақтануына жеті негізгі және арнайы техника берілді. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, байланыс және жедел ден қою автомобилі, авариялық-құтқару автомобилі бар.

Атап өтсек, жаңа ғимаратта Жоспарлау және жедел басқару орталығы да орналасқан. Оның жұмысына заманға сай жағдай жасалып, төтенше жағдайлар туындаған кезде күштер мен құралдарды тиімді жоспарлау, үйлестіру және жедел басқаруға мүмкіндік беретін жаңа техникалық және мультимедиялық жабдықтар орнатылды.

Ашылу салтанатында Дамир Тарановтың отбасына министр сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың өкілдері ТЖМ және облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Дамир Тарановтың туған ағасы Заир Таранов пікір білдірді:

– Дамир өте білімді, салмақты әрі жауапты адам еді. Ол өз жұмысын шын жүрегімен жақсы көрді, өз міндеттерін абыроймен, адал атқарды. Адамдарды құтқару жолында ойланбастан өз өмірін құрбан етті. Әрине, оның отбасы үшін жаңа өрт сөндіру бөлімі оның құрметіне аталғаны үлкен қуаныш. Осылайша оның есімі мен ерлігі ел тарихында мәңгілікке қалды, – деді Заир Таранов.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз