Жетісу жаңа оқу жылына дайын: 131,5 мың оқушы, соның ішінде 12,8 мың бірінші сынып оқушысы партаға отырады

Жетісу облысы бойынша жаңа 2026-2027 оқу жылында оқушылар контингенті 131,5 мыңнан асады деп күтілуде, оның ішінде 1-сынып оқушылары 12,8 мың. Облыс колледждеріне 4,5 мың студент қабылдау жоспарлануда. Өңірдегі білім беру ұйымдары оқу жылының басталуына толық дайын, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында орнатылған 19 200-ге жуық цифрлық бейнекамера Жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар «Дабыл түймелері» орнатылып, жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөлімдеріне толықтай қосылған. 209 білім беру ұйымы 352 штат бірлікте арнайы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 228 білім беру мекемесінің жанына жасанды жол кедергілері, 132 мектептің маңына балалар макеттері және 259 мектептің аумағына жылдамдықты шектеу белгілері орнатылды.

«Биыл жаңа оқулықтарды сатып алу, қосымша оқулықтар мен көркем әдебиетті толықтыру мақсатында 14 баспамен 85 келісімшарт жасалды. Жергілікті бюджет есебінен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 1,7 млрд. теңге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Облыста барлық 314 мектеп интернет желісіне толық қосылған. Жалпы білім беру қорынан 25 704 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға жергілікті бюджет есебінен, ата-аналардың жеке есеп шоттарына толығымен аударылды. Биыл тегін ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлінді», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.

Облыста 84 елді мекеннен 1 816 оқушы тасымалданады. Қазан айында жергілікті бюджет есебінен 10 микроавтобус сатып алынады.

Атап өтсек, өңірде апаттық және үш ауысымдық мектеп жоқ. Биыл 5 жаңа білім беру нысанының құрылысы Арнайы мемлекеттік қордан, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан және жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Оның 4-еуі биыл аяқталады, атап айтқанда 3-еуі жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 3 мектеп күрделі жөнделуде — 2 нысан жаңа оқу жылы басталғанға дейін, 1 мектеп жыл соңына дейін аяқталады.

Өңірде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. 21 мемлекеттік колледждің және І. Жансүгіров атындағы университеттің жатақханаларында 5 391 орын бар. Барлық жатақханалар бейнебақылау, дабыл түймелері, өрт қауіпсіздігі жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен толық қамтамасыз етілген.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз