Алтын ұяң – Отан қымбат…

407
Дереккөз

«Алтын ұяң – Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат». Бекер айтылмаған. Шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап кез келген адам баласы үшін туған жері ата-анасындай қымбат-ақ. Елінің мерейін үстем етіп, халық игілігі жолында аянбай еңбек етуге тырысып бағатындар қатары аз  емес. Н. Ә. Назарбаев  «Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн. Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау»-деп патриоттық тәрбиенің қай кезеңде де маңызды екенін баса айтқан болатын. Ел ертеңі саналар  жалынды  жастардың ұлттық рухтың асқақ белгісі өз елінің патриоты болу жөніндегі пікірі қандай? Тыңдап көрелік.

 

Дереккөз

Әлия Нұрғалиева, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының анестезиолог-реаниматолог маманы: Мамандығымды таңдау барысында жауапкершілік жүгін жете түсіндім. Ақ халатты абзал жан  атану мен үшін зор мәртебе. Қазіргі таңда медицина саласын дамытуға және нығайтуға  баса назар аударылуда. Жоғары білімді дәрігерлер қызмет етіп, соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету, отандық медицина ғылымын дамыту,  денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру сынды өзекті мәселелерге үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»-деген еді. Осы орайда өзімді Қазақстанның патриотымын деп санаймын. Себебі, өзге елде емес, өз Отанымда, туып-өскен шаhарымда қызмет етіп, азғантай болса да үлесімді қосып жүрмін. Әріптестерімізбен дертіне шипа іздеп келгендерге жәрдем етіп, аяғынан тік тұрып кетулеріне көмек көрсетудемін. Анестезиолог-реаниматологтар коронавирус індеті кезінде де алдыңғы қатарда жүргені баршаға мәлім. «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары». Ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша күресіп, бізге мұра еткен ұлы даламызда еңбек етудің өзі үлкен бақыт. Менің өмірлік ұстанымым «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Жиған білімің мен біліктілігіңді, маңдай теріңді өз атамекеніңнің гүлденуі мен мүддесі  жолында сарп еткен абзал.

Дереккөз

Сайын Нүсіпбеков, өнер иесі: Отан — отбасынан басталады. Мен үшін патриоттық тәрбиенің негізі — отбасы атты шағын мемлекеттен бастау алады. Кішкентайымыздан ата-анамыз адалдық hәм адамдық  қасиетті бойымызға сіңіріп,  ұлттық рухты биік ұстауды үйретті. Содан болса керек кеудемдегі жұдырықтай жұмыр жүрегім Отан деп соғады.  Оны жазып та, айтып та жеткізу мүмкін емес. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды». «Мен – елімнің патриотымын» деген бос сөз «фальш» болмауы тиіс. Оны іспен дәлелдеу қажет. Тас уатып, тау қопарып жүрмесем де қазақ тілінің мәртебесін арттырып, өз ортамда кеңінен насихаттауға тырысамын. Әдебиеттегі тұлғалардың нақыл сөздері мен көркем шығармадан үзінділерді әлеуметтік желідегі парақшамда бөлісіп отырамын. Патриот болу  азаматтық парызым деп білемін.  Қарға тамырлы қазағым тәуелсіз мемлекетте  тату-тәтті, бейбіт күн кешуде.   Менің атамекенім — менің баға жетпес қазынам. Салт-дәстүрін, қадір-қасиетін ұлықтайтын перзенттің бірімін.                                                                             

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK