Ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру – еліміздегі басты бағыттардың бірі. Осыған сай, бүгінде Талдықорған қалалық ауылшаруашылық саласында біраз  жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, биылғы жылы шаһар диқандарының егін еккен жер көлемі 6.5 мың  гектарға жуық. Оған түрлі дәнді дақылдармен бірге көкөністер, майбұршақ, күнбағыс, картоп, жуа, басқа да бақша өнімдері мен мал азықтары және қант қызылшасы егілген.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал  Зейнулданың айтуынша, қазір мемлекеттен егінші, малшыларды қолдауға жыл сайын қыруар қаражат бөлініп, басқа да өнім өндірушілерге бар мүмкіндіктер мен түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде соңғы кездері аймақтағы мал басы өсіп, жер қойнауын игерушілер мен түрлі өндіріс орындарын құрып, отандық өнім өндірушілердің саны артуда. Міне, бұл біріншіден, бүгінгідей нарықтық заманда жұрттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тың серпін берсе, екіншіден, ауыл-аймақтағы тұрғындардың өз кәсібін ойдағыдай дөңгелетіп, одан еселеп табыс табуға мол мүмкіндік беруде. Мәселен, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша ірілі-ұсақты 367 шаруа құрылымы бар. Оның ішінде 14  жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 акционерлік қоғам, 3 агроөнеркәсіптік кешен және  22 қайта өңдеу кәсіпорын болса, қалғаны  шаруа қожалықтары.  Олардың дені мал және егін шаруашылықтарымен айналысады.

Солардың бірі – Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында орналасқан «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-ның аймақтық филиалы. Аталған  шаруашылық  көп жылдан бері жергілікті және шетелдік қызылша тұқымын жан-жақты зерттеп, сұрыптап өсіру арқылы мол өнімге қол жеткізіп келеді. Өсімдік зерттеу орталығының өкілі егіншілік және өсімдік шаруашылығы биыл да бірнеше  дақыл түрін сепкендігін айтады. Мұнда қант қызылшасының отандық және шетелдік тұқымының 17 түрі бар. Орталықта жергілікті тұқым түріне баса мән беріледі. Себебі, ондағы отандық тұқым қазіргі Франция мемлекетінің сапасы ең жоғары «Ардан» атты тұқым түрінен еш кем еместігі дәлелденген. Оның үстіне зерттеу орталығында жаңа жүйе арқылы  тамшылатып суару әдісі қолданылады.

 – Жалпы аймақтағы шаруалар егістік және жайылымдық жерлер мен су жүйелері, басқа да  тұқым сіңіруге арналған түрлі заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осыған сәйкес, биыл аймақтағы егін егілген жер көлемі 6457 гектарды құраса, соның 2716 гектарына майлы дақыл, 937 гектар алқапқа күздік бидай, арпа, жүгері, рапс сынды дәнді дақылдар, 350 гектарға қант қызылшасы, сонымен бірге  картоп 620 га, мал азығы 676 га, көкөніс пен басқа да бақша өнімдері 1158 гектар жерге егілген. Мәселен, талдықорғандық шаруаларға көктемде 155 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, егіс жұмыстарын кедергісіз аяқтауына мол мүмкіндік жасалса, арық жүйелері тегіс тазаланып, «Қазсушар» қалалық филиалы арасында келісім шартқа сай, мамыр айының 15 күнінен бастап ауыл шаруашылық құрылымдарына су беріле бастады. Еске сала кетейік бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы — 132,2 шақырымды құрайтын арық жүйесі бар. Оның 45,1 шақырым аумағына темір-бетонды науалар қойылған, -дейді қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы.

Мамандардың мәліметінше, қазір аймақта 3300-ден астам жылқы, 7000-ға жуық сиыр, 27 мыңнан астам қой-ешкі,  30-ға тарта түйе,  1,7 миллион басқа жуық құс өсірілуде. Мұндағы төрт түлік малға арналған арнайы жайылымдық және жем-шөп өсіретін шабындық жерлер бар. Мысалға, жалпы Талдықорған қаласы бойынша жайылым көлемі 15915 гектар. Қала әкімінің 2021 жылғы 26 сәуірдегі №210-шы Қаулысына сәйкес Өтенай және Еңбек ауылдарында – 467.45, Мойнақ ауылына –1429, Еркін ауылдық округінде қарасты – 724,54 гектар жайылымдық жер 49 жылға резервке қойылған. Алдағы уақытта пайдаланылмай жатқан жайылым жерлер анықталған жағдайда мемлекет меншігіне қайтару көзделген. Бүгінде қалалық ауылшаруашылық бөлімінде шаруалардың техникаларын тіркеу, жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу, азаматтардан емтихан қабылдап, жүргізуші куәлігін беру сынды 4 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар 2018 жылдан беріауылшаруашылық товар өндірушілерін субсидиялау тек ауылшаруашылық басқармалары арқылы «Қолдау» порталы бойынша электронды түрде жүзеге асырылуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK