Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында Талдықорған қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Рымтаев Әділет Рымтайұлынан Құрылтайға дайындық жұмыстары бойынша сұхбат алған едік.
Әділет Рымтайұлы, 2026 жылдың 23 тамызына тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық шаралары Талдықорған қаласы бойынша қалай жүріп жатыр?
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2026 жылғы 1 шілдедегі №1338 Жарлығына сәйкес, 2026 жылдың 23 тамыз күні Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауы тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекіткен Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес, қала аумағында сайлау өткізуге дайындық шаралары лайықты дәрежеде жүргізілуде.
Талдықорған қаласы бойынша сайлаушылардың жалпы саны 136 203 адам. (01 шілде 2026 жылғы ақпарат бойынша)
Талдықорған қаласында 1 қалалық аумақтық сайлау комиссиясы, 68 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс жасайды.
Талдықорған қаласының аумақтық сайлау комиссиясында 7 адам, учаскелік сайлау комиссияларында 566 адам комиссия мүшелері бар.
Комиссия мүшелеріне сайлауды әзірлеу мен өткізу шараларына арналғын оқыту семинары кестеге сәйкес ұйымдастырылатын болады.
Халыққа түсінікті болу үшін Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудың ерекшеліктеріне тағы бір тоқталып өтсеңіз?
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді.
Құрылтай депутаттарының сайлауы еліміз үшін тарихи маңызы зор.
Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады.
Құрылтайдың құрамына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпы ұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутат кіреді.
Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Жиырма бес жасқа толған және елдің аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы депутат бола алады.
Партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Партиялық тізімде адамдарды орналастыру тәртібін саяси партиялар дербес айқындайды.
Азаматтар сайлаушылар тізіміне қалай енгізіледі, осы туралы айтып өтсеңіз?
Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган, яғни жергілікті әкімдіктер жасайды.
Сайлаушылар тізімдеріне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі.
Әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.
Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
Сайлаушыларға қолайлы болуы үшін электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы хабарландыру ұйымдастырылады.
Сайлау күні өзінің тұрғылықты жерінен тыс өзге елді мекенде болатын азаматтар қалай дауыс бере алады?
Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша дауыс береді.
Сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде дауыс беру күніне он бес күн қалғанда немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап учаскелiк сайлау комиссиясына өз өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін ала алады.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін қайдан алуға болады?
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен бір күн бұрын, яғни 2026 жылғы 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі. Сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Уақытша болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде учаскелік сайлау комиссиясы сайлау күні сайлаушыны жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге қатысты ұйымдастыру жұмыстары туралы айтсаңыз.
Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу негізгі іс шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізілетін болады.
Г.Нұршанова.





























