Өмірде  адам денсаулығынан артық байлық жоқ.  COVID-19  деген сөз өмірімізге енгелі адамзаттың бойын үрей мен қорқыныш  билеп келеді. Жұрттың көкейінде осы індеттен құтылып,  жаймашуақ кезеңге көшсек деген тілек қана.

Қазіргі кезде осы пандемиямен  күрес қалай жүріп жатыр? Тұрғындардың  басы ауырып, балтыры сыздаса баратын жері ол- емханалар. Кеселді  індетпен күресте дәрігерлер алдыңғы шептен көрініп келеді.

Сондықтан да  6- шағын ауданнан ашылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына ат басын тіреген едік. Бұл жерде біз бөлім меңгерушісі Ерасыл Еділханұлынан   кеселдің  алдын алу мақсатында қол алынған, жасалып жатқан жұмыстар турасында сұрап  білдік.

«Біздің  алғашқы медицналық — санитарлық  көмек көрсету орталығы  Талдықорған қалалық  №1 емхананың бөлімшесі болып табылады. 3, 5, 6, 7,8 ықшам ауданы , жаңадан салынып жатқан коттеджді қалашық тұрғындарына медициналық көмек  көрсетеміз. 20 мыңға жуық адам тіркелген.  Денсаулық күзетінде 11 жалпы тәжірибелік дәрігерлер болса, оларға  жаңа туған сәбиден қарт адамға дейін  келіп қаралады. Сондай-ақ,  12 профильді мамандар денсаулық күзетінде қызмет жасап келеді. 5 сәуірден бастап халықты жаппай вакцинациялау жұмысына біз де кірісіп кеттік.  Алғашқы компонент Спутник-V («Гам-КОВИД-Вак»)  вакцинасын бастаған болатынбыз. Күніне келушілер саны әртүрлі 50-100, кейде  120-ға дейін. Азаматтар ерікті түрде келіп екпе алуда. Олардың тіркелу жағдайын талап етпейміз. Басқа ел азаматы болса да, вакцина алуда.

 Бірінші компонентін алғандар екіншісіне 21 күннен соң келеді.  Екпе салар кезде азаматтардың  жағдайы сұралып, тексерістен толық өтеді. Егудің барлық қағидаттары сақталған.Тұрғындар алдын ала жазылып та,тікелей өздері де келіп жатыр.

Суреттерді түсірген Данияр Сағындықов

Дәрігерлер мен медбикелер өз парақшасы арқылы адамдарға вакцина тиімділігі турасында хабарламалар жіберіліп, түсіндірілуде. Сондай-ақ, облыстық телеарнадан  хабарлар таратылуда және де  тұрғын үй аулаларына парақшалар ілініп, әлеуметтік желілерді пайдаланып насихат жұмыстары жүргізілуде»,-деді меңгеруші.

 Ерасыл Еділханұлының айтуынша, сырқаттанушылық мәліметтер бойынша  өздерінде апта сайын  саралау мақсатында мониторинг жасалады екен.   Жалпы еліміз бойынша  соңғы уақытта бұл кеселмен  балалар ауырып жатыр. Осы турасында сұрағанымызда,  балалар арасында ауырған бір жағдай тіркеліпті. 5 жастан асқан  бала  ауыр халде болған, ол Ковид пневномониямен ауырған. Егер де  науқаста пневномия мен суық тигеннен туындаған аурулар,  жіті респираторлық вирустық инфекциялар – ең кең тараған аурулардың бірінің   белгілері  бойынша   ең алдымен  дәрігер сырттай бақылап,  телефонмен хабарласып, маңызды  өмір көрсеткіштеріне мән беріледі.  Науқастың жүрек қағысы,  дене  қызуы,тыныс алуы жиілігі, сатурация тағы басқа көрсеткіштері бойынша бағалау қағазын толтырылады. Науқас жағдайына қарай  ауруханаға жатқызу қажет деп табылса а жедел жәрдем шақыруға ұсыныс беріледі.  Бұл — Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауы бойынша жүзеге асырылады. Коронавирустық инфекцияның  жеңіл, симптомсыз түрлерімен  ауырған адамдар амбулаториялық   ем қабылдайды.  Ал орташа ауыр және ауыр халдегі науқастар міндетті түрде стационарлық көмек алуы тиіс.

«Емханада  сақтық шаралары қарастырылған  ба» деген сауалға өзіміз де жауап тапқандай болдық. Себебі,  емханаға кіреберісте арнайы кезекші адам күтіп алды. Ол келушілердің  не мақсатпен келгенін сұрап, дене қызуын тексерді. Егер науқаста қандй да ауру белгілері болса, фильтр  бөліміне оқшауланады екен.  Сол жерде дәрігер кеңесін алады.  Басқа жоспарлы түрде келген емделушілер өзінің учаскелік дәрігеріне қаралады.

 Дәрігердің айтуынша,  ел Үкіметі мен денсаулық сақтау  министрлігі мен жергілікті басқармалар тарапынан  аурудың таралуын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынып отыр. Алайда, әр адамның жеке жауапкершілігі басты маңызды шарт.

Көпшілік жиналған  жерге бармау, санитарлық нормаларды сақтап, бетперде тағып  жүрген дұрыс. Көп жағдайда  ауыра тұрып жұмысқа баратындар кездеседі.  Ол кісі  маңайындағы қаншама  адамға жұқтыратыны сөзсіз.  Сондықтан  әр тұрғын жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Жалпы емхана тарапынан  ауру жайлы түсінік беру, сақтандыру, тұрғындар сауалдарына жауап беру дұрыс жолға қойылып отыр. Қазір ұялы байланыстың заманы, арнайы топ ашылған. Бұл жерде  дәрігерлер жас аналарға баланы күту, жүкті  әйелдерге,   қарттарға аурудан сақтану жолдары түсіндіреді. Жасы ұлғайған адамдардың қал-жағдайын сұралады.

Созылмалы ауру бар диспансерлік есепте тұрған науқастарға, мүгедектерге, 60 жастан асқан қарттарға  дәрі-дәрмекті  әлеуметтік қызмет арқылы не болмаса медбикелердің  жеткізіп беруі қолға алынған. Мұның бәрі  ауырған адамдармен  байланысты болдырмау мақсатында қолға алынған  жұмыстар.

 Ерасыл Еділханұлы, көптеген азаматтардың    әлеуметтік желілердегі  ресми емес  ақпараттарға сенетіндігін жасырмады. Мәселен, желіде коронавирус туралы, вакцина жайлы ақпараттар желдей еседі.

Емханаға келушілер тарапынан  қойылар сауалдар да көп екен. «Менің қанымда  антидене  бар,  сондықтан  вакцинаны алу қажет пе, қажет емес пе»,- деп  сұрап қойып  жатады. Дәрігер бұл сауалға: «Иә, келушілер тарапынан жиі қойылатын сауалдың бірі. Жалпы  вакцина алушы адам вакцина алар кезде     иммуноферменттік  анализ тапсырмайды. Антидене болсын, болмасын вакцинацияны  жасай береміз.  Тек созылмалы  ауруы   бар науқастарға, жүкті әйелдерге,    коронавирустық инфекциямен, пневноманиямен ауырғандарға алты айға дейін вакцинация  егілмейді. Сондай-ақ,  соңғы   14 күн ішінде науқаспен қарым-қатынаста болған  адамдарға екпе жасалмайды».

 Вакцинация ерікті түрде жүргізіліп жатыр.  Жұмыс берушілер тарапынан ешқандай қысымшылық  жасалмауы керек. Вакцинация  салу жалпы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында   жасалуда.  Бұл медициналық орталық қазіргі таңда қала халқының денсаулығының тілекші болуда. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды» таңдайық!

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK