Жасанды интеллекттен ұшқышсыз жүйелерге дейін: Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына 1500 орын бөлінді

6

Елімізде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау науқаны жүріп жатыр. Талапкерлер 15-31 шілде аралығында әскери институттар мен колледждерге құжат тапсыра алады. Биыл әскери институттарға 723, ал әскери колледждерге 760 орын бөлінген. Оқу барысында курсанттар мен кадеттер мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіледі. Ал оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери лауазымдарға тағайындалады.

Қабылдау науқанының барысы және әскери білім беру жүйесінің дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда заманауи қарулы қақтығыстар жағдайында тиімді әрекет ете алатын жаңа буын офицерлері мен сержанттарын даярлауға бағытталған әскери білім беру жүйесін кешенді жаңғырту жүргізілуде.

Аталған жүйе тоғыз әскери оқу орнын – үш институтты, бес колледжді және Ұлттық қорғаныс университетін біріктіреді. Сонымен қатар, ол орта арнаулы білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі барлық дайындық деңгейлерін қамтиды.

Басты басымдықтар – тәжірибеге бағытталған оқыту, цифрлық технологияларды енгізу және қазіргі заманғы армия үшін аса қажетті бағыттар бойынша білікті мамандар даярлау.

– Заманауи қарулы қақтығыстар әскери кадрларды даярлауда жаңа тәсілдерді талап етеді. Сондықтан оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік, криптология, радиоэлектрондық күрес, әскерді автоматтандырылған басқару жүйелері, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары бойынша пәндер белсенді енгізіліп жатыр, – деді полковник Мұрат Олжабаев.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі – қабылдау науқанын цифрландыру. Өткен жылдан бастап әскери оқу орындарына құжаттарды eGov.kz порталы арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ықпалдастырылуының арқасында құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқарып, іріктеу рәсімдері елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін ашық әрі қолжетімді бола түсті.

Спикердің мәліметінше, жастардың әскери білімге деген қызығушылығы артып келеді. Өткен жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша әскери колледждерде бір орынға орта есеппен үш үміткерден, ал әскери институттарда екі үміткерден келген. Ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында авиация, әскери медицина, автоматтандыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік салалары бар.

Қорғаныс министрлігі болашақ офицерлердің практикалық даярлығына ерекше көңіл бөліп отыр. Курсанттар әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтіп, түраралық оқу-жаттығуларға оқу-жаттығуларға қатысады, сондай-ақ барлау, байланыс, радиоэлектрондық күрес және әскерді басқарудың заманауи құралдарын меңгереді. Сонымен қатар, оқу бағдарламасына қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі мен ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану тәсілдері енгізілген.

Әскери білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта 300-ден астам қазақстандық курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Армения және Беларусь елдерінің әскери оқу орындарында Қазақстан Қарулы күштеріне қажетті мамандықтар бойынша білім алып жүр.

Қорытындылай келе Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы әскери білім беру жүйесін жаңғырту әскери қызметшілерді даярлаудың жоғары технологияларға негізделген жаңа моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл модель тәжірибеге бағдарлануды, көшбасшылық қасиеттерді дамытуды және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауды көздейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз