Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында «EcoRace» акциясы өтті. Балқаш көлі аймағының тазалығын сақтау бағытында ұйымдастырылған іс-шараға ерікті жастар белсене қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Jetisu jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен өткен акция негізінен екі бағытты қамтыды. Атап айтқанда, бірінші бағыт Ақсу ауданы Көлтабан ауылының бұрылысынан басталды.
Мұнда еріктілер Балқаш көліне бара жатқан автокөліктерді тоқтатып, иелеріне қолғаптар мен қоқыс жинауға арналған арнайы қаптар таратты. Іс-шара аясында жол үстінде жалпы саны 50-ге жуық автокөлік тоқтатылды. Көліктердегі тұрмыстық қалдықтар қабылданып, оның орнына естелік сыйлықтар үлестірілді.
– Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды, сондықтан екі есе қуаныш сыйлады. Жолда бізді бір топ жас тоқтатты. Басында не болып жатқанын түсінбей қалдым. Кейін олар бізге құралдар беріп, не істеу керектігін түсіндірді, әрі сыйлық берілетінін айтты. Біз бұл игі іске қатысуға қуана келістік. Бұл тәрбиелік мән бар өте жақсы бастама екен. Қазақстан – менің туған жерім. Сондықтан туған өлкеме демалысқа жиі келіп тұрамыз. Табиғатты аялап, қорғауға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін! – деді көрші мемлекеттен отбасымен жеке көлігімен демалуға келген Владимир.
Сол сияқты ерікті жастар белгіленген бағытпен жүріп, жол жиегі мен көл жағалауындағы бей-берекет шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинады. Оны екінші бағыт – Сарқан ауданы Лепсі ауылындағы полиция пунктінің жанындағы белгіленген мәреге жеткізіп тапсырды.
Осы орайда «Жетісу жастары» КММ ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Әділет Алмекеев мұндай бастаманың табиғатты қорғау бір күндік науқан еместігін, оның әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін айтады:
– Мұндай бастаманың басты мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жазғы маусымда демалушылар тарапынан көл жағалауларының санитарлық тазалығын сақтамау, қоқысты бейберекет лақтыру салу әлі де жиі кездеседі. Жалпы, тазалық әркімнің өзінен басталады. Туған жердің тазалығы – әр азаматтың ар-ожданы мен елге деген жанашырлығының өлшемі. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жастар өз үлестерін қосып жатыр, — дейді Әділет Ерғұланұлы.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясыдағы іс-шараларға өңірдің 227 мыңнан астам тұрғыны қатысты, 16 мың тонна қоқыс шығарылды, 135 мыңға жуық түп көшет отырғызылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев.





























