Жетісуда кәсіби мерекелеріне орай ветеринар мамандарға жаңа көлік кілттері тапсырылды

Жетісу облысында Ветеринария қызметкерлері күніне орай қызметтік арнайы көліктердің кілттерін табыстау рәсімі өтті. Жалпы, облыс құрылғаннан бері өңірдегі ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ветеринариялық мекемелерге берілген автокөліктер саны 83 бірлікке жетіп, бұл олардың жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырды. Сонымен қатар аталған кезеңде 66 жаңа ветеринариялық пункт пен 1 ветеринариялық станция пайдалануға берілді. Ал биыл тағы 16 ветеринариялық пункт пен 4 ветеринариялық станцияны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің аталған нысандарға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласында өткен салтанатты шараға ветеринариялық станциялардың қызметкерлері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және кәсіподақ өкілдері қатысты. Жиынға қатысушыларды салалық басқарма басшысы Нұрлан Жамаубаев құттықтады.

Мерекелік шара барысында сала үздіктері марапатталды. Бірқатар ветеринария саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Саналы ғұмырын ветеринария саласына арнаған ардагерлердің еңбегіне орай «Ветеринарияның құрметті ардагері» медальдары берілді. Сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов аудандарының ветеринариялық станцияларына жаңа «Нива» автокөліктерінің кілттері табысталды.

Марапатталғандардың бірі Алакөл ауданы ветеринариялық станциясының директоры Саят Жұмабеков пікір білдірді.

– Ветеринария саласында 1995 жылдан бері еңбек етіп келемін. Мектеп қабырғасынан бастап осы мамандықты саналы түрде таңдадым. Семей қаласында ветеринар мамандығы бойынша білім алып, осы салада түрлі жауапты қызметтер атқардым. Ұлымдарымың біреуі Алматыдағы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін ветеринар мамандығын таңдап, менің жолымды жалғастырып келеді. Салаға жастар келіп жатыр, оларға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі ветеринар мамандарының тұрмыс жағдайы да жақсарып келеді. Біздің қиын да жауапты еңбегімізге осындай ерекше көңіл бөлгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді ол.

Сонымен қатар облыс құрылғаннан бері өңірдегі ветеринариялық қызметтердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 100 фармацевтикалық тоңазытқыш, 102 термочемодан, сондай-ақ электр генераторлары мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ сала мамандарына 217 компьютер жиынтығы, 238 планшет берілді. Бұл олардың жұмысын жеделдетіп, сонымен қатар қажетті ақпараттарды электрондық деректер базасына уақытылы енгізу жұмысын жеңілдетті.

Еске салсақ, жыл басынан бері өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары аясында ауыл шаруашылығы жануарларына 6,1 млн доза вакцинация егілді.

Жалпы, биыл өңірде 10 мал қорымын (биотермиялық шұңқыр) салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2 мал сою алаңы қоршалады. Сондай-ақ облыстың сегіз ауданының әрқайсысында жануарларды бекіту және тексеруге арналған екі алаңнан салынады. Бұл кешендер ірі және ұсақ малды, сондай-ақ жылқыны вакцинациялау, биркалау, ветеринариялық тексеру және басқа да профилактикалық іс-шараларды атқарудың қауіпсіз болуына арналған.

 

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз