Облыс құрылғаннан бері Жетісуда 29 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 7 кәсіпорынның іргесі кеңейтілді. Соның нәтижесінде 1840-тан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда өңірдің өнеркәсіп саласында ірі, орта және шағын кәсіпорындарды қоса алғанда 625 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы кезеңде Талдықорған қаласында іске қосылған жаңа кәсіпорындардың бірі – жылына 150 мың текше метр автоклавты қатайтылған газбетон блоктарын өндіретін зауыт. Өңірде мұндай құрылыс материалын шығаратын баламалы өндіріс жоқ. Сонымен қатар зауыт өндірісте жергілікті шикізатты пайдаланады. Кәсіпорын өткен жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны құрылып, оған 2,5 млрд теңге инвестиция тартылды.
– Біздің зауытта 60-тан астам адам еңбек етеді. Өндірген өнімдерімізбен Жетісу облысын қамтамасыз етіп отырмыз. Газбетон блоктарын Талдықорған қаласында ғана емес, өңірдің өзге қалалары мен аудандарына да жеткіземіз. Зауыт ғимаратынан бөлек, кеңсеміз, қызметкерлерге арналған асханасы бар жатақханамыз да бар, – деді «Стальбетон» ЖШС өндірісінің бас маманы Жомарт Дікебаев.
Ал Талдықорған қаласында өнеркәсіп орындарының қызметкерлеріне, авариялық-құтқару қызметтері мен басқа да ұйымдарға қажетті жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын тігетін өндіріс орны екі жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 10 мың тігін бұйымын шығаруға жетеді және алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.
– Бұрын қазір өзіміз шығарып отырған өнімдерді Ресейден тасымалдайтынбыз. Кейін өз өндірісімізді жолға қою туралы шешім қабылдадық. Біздің өндірісіміз республика көлемінде бірегей саналады. Өнімдер қатаң түрде ГОСТ талаптарына сәйкес өндіріледі, сынақ хаттамалары мен сәйкестік сертификаттары бар. Барлығы Кеден одағы аясында қабылданған нормалар мен стандарттарға толық сай келеді. Қазір кәсіпорнымыз енді ғана таныла бастағандықтан, өндіріс көлемі әлі де үлкен деп айтуға ерте. Бүгінде өнімдеріміздің едәуір бөлігі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен әскери бөлімдерде сынақтан өтіп жатыр, – деген «IPM Group» ЖШС-нің құрылтайшысы Сергей Турванов алдағы уақытта жалпыәскери қорғаныс жиынтықтарын тігуді жолға қоюды жоспарлап отырғандарын айтты.
Кәсіпорында кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Компания жергілікті колледждермен ынтымақтастық орнатып, жас мамандарды жұмысқа тартып, оларды өндіріс орнында тікелей оқытуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Талдықорған сервис және технологиялар колледжімен тиісті меморандумға қол қойылған.
Тігінші Галина Кабиеваның айтуынша, ол кәсіпорын ашылған алғашқы күннен бастап осы жерде еңбек етіп келеді.
– Біздің ұжым өте тату. Еңбекақымыз уақытылы төленеді. Қызметкерлер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Арнайы асүй, жуынатын бөлме, басқа да тұрмысқа қажетті қолайлы жағдайлар жасалған. Ең бастысы – әр қызметкердің ыңғайына қарай жұмыс кестесі икемді, – дейді ол.
«IPM Group» ЖШС өндірген дайын өнімдер Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне жеткізіледі. Айта кету керек, кәсіпорынның өндірістік базасын кеңейтуге мемлекеттік қолдау үлкен ықпал етті. «IPM Group» ЖШС-нің тігін цехы орналасқан коммерциялық ғимарат еліміздегі банктердің бірінің қаржыландыруы есебінен сатып алынды. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялап, соның нәтижесінде компанияның қаржылық жүктемесі азайды.
Талдықорғандағы тағы бір кәсіпорын – «Дәмді» кондитерлік цехы 2019 жылы жұмысын бастаған. Соңғы жылдары кәсіпорын өндіріс көлемін де, өнім түрлерін де едәуір ұлғайтты. Кәсіпорын ашылған кезде мұнда небәрі 5 адам жұмыс істесе, бүгінде қызметкерлер саны 37 адамға жеткен.
– Біз жұмысымызды бес адаммен, бір ғана пешпен бастадық, алғаш рет печенье шығарып, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылдық. Кейде бір ғана рецептіні жетілдіруге 15 күнге дейін уақыт жұмсайтынбыз. Қазір өзіміздің өндірістік ғимаратымыз бар. Онда бірнеше цех жұмыс істейді, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған, қызметкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Егер алғашында небәрі екі түрлі печенье шығарсақ, бүгінде 25 түрлі өнім өндіреміз. Өнімдеріміз Жетісу облысына кеңінен танылды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысына да жеткіземіз. Серіктестеріміз арқылы Тараз, Шымкент және Астана қалаларына да жөнелтіледі. Ал Талдықорған қаласында өзіміздің фирмалық сауда дүкеніміз бар, – дейді «Дәмді» ЖК-нің директоры Ләззат Сайдахметова.
Кондитерлік өнімдерді шығаруда Қазақстанда жасалған ұн, сары май және басқа да қажетті шикізат пайдаланылады. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту, печеньенің жаңа түрлерін әзірлеу, нарықтағы ұстанымын одан әрі нығайту көзделген.
Ләззат Сайдахметованың айтуынша, табыстың басты кепілі – сапалы шикізат, тұтынушыға деген құрмет пен ұжымның ұйымшылдығы.
– Кәсіпорнымыздың 15 қызметкері ашылған күннен бері, яғни жеті жылдан бері тұрақты еңбек етіп келеді. Сонымен қатар екі технолог жұмыс істейді. Әрине, жас мамандар да бар. Бұл өндірістің дамып келе жатқанын, сапаға қойылатын талаптардың артып, өнім ассортиментінің кеңейіп жатқанын көрсетеді. Еңбекақы өндірілген өнім көлеміне қарай төленетіндіктен, әрбір қызметкердің көбірек табыс табуға мүмкіндігі бар. Менің ойымша, біздің кәсіпорын табысты бизнесті аздан бастап-ақ дамытуға болатынын дәлелдеді. Ең бастысы – мақсатқа ұмтыламыз, сапалы өнім шығарамыз, еңбек етіп, өзара бір-бірімізді қолдап отырамыз, – дейді кәсіпкер.
Айта кету керек, Жетісу облысы құрылғаннан бері Талдықорған қаласында жалпы құны 25 млрд теңгеден асатын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 770-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалардың қатарында жоғары сапалы газбетон блоктарын шығаратын, астықты, майлы дақылды өңдейтін, өнеркәсіп аккумуляторларын шығаратын және басқа да өндіріс орындары бар. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысында Талдықорған қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 78,2 млрд теңгені құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев




























