Балқаш пен Алакөл – Жетісудың жауһары

3

Жетісу облысы – туристік әлеуеті зор аймақ. Соңғы жылдары аймақта туризм саласын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Әсіресе Сарқан ауданында тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға мүмкіндік бар. Оның ішінде Балқаш көлі – облыстың туристік әлеуетін танытатын нысанның бірі. «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілері құрылысының жобасы – көл жағалауын дамыту бағытындағы басты жобалардың бірі де бірегейі. Жобада электрмен және сумен қамту, кәріз жүйелері, жағалау жиегіндегі автожол құрылысының жобасы қарастырылған. Бас жоспары әзірленгеннен кейін инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдың сапасы жақсарды. Енді демалушылар жол азабын тартпай-ақ қауіпсіз, жайлы жаңа жолмен жете алады. Туристердің алаңсыз демалуы үшін көл жағасында жағдай жасалуда. Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Сарқан ауданына жасаған жұмыс сапарында қолға алынған тың жобалардың жұмысын тексеріп, жауапты мамандарға сапалы қызмет етуді тапсырды. 

ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЖАЙЛЫ

Балқаш жағалауында 3 коммуналдық қоғамдық жағажайдың құрылысы жүргізілуде. Оның екеуін жақын күндері пайдалануға беру жоспарланған. Бір мезетте шамамен 3 мың адам демала алатын алғашқы жағажай шілде айында пайдалануға берілмек. Жалпы аумағы шамамен 7 гектарды құрайтын алғашқы қоғамдық жағажайда 500 автокөлікке арналған автотұрақ, футбол және волейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, демалуға арналған шатырлар, санитарлық тораптар, қоқыс жәшіктері, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар, субұрқақтары, күнқағарлар мен шезлонгтар, құтқару мұнарасы және түрлі шағын сәулеттік нысан орналастырылады. Мұнда арнайы фуд-аймақ та жұмыс істейді. Әкімшілік ғимарат салынып, онда полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің бекеттері, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі қарастырылған.

Коммуналдық жағажайлардың құрылысына жауапты мердігер ұйым өкілдері мен құрылыс барысын талқылаған аймақ басшысы бұл жобаның жүзеге асырылуы көл жағалауындағы туризмді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балқаш көлінің жағалауындағы туризмді дамыту біздің басты мақсатымыз. Әуелі бас жоспардың жобасы бекітілді. Біз бірден көлге жету үшін жолды реттеуден бастадық. Жағалау инфрақұрылымын дамытуға қатысты мәселені де ретімен шештік. Халық жайлы демалу үшін коммуналдық қоғамдық жағажайлар салыну керек. Қолға алған жоба бойынша суға түсуге қолайлы жағдай жасалған және демалуға арналған арнайы аймақтармен жабдықталған, абаттандырылған жағалау желісін қалыптастыру көзделген. Жоспардағы 3 жағажайдың біріншісі – шілде айының алғашқы онкүндігінде пайдалануға беріледі, екіншісі – тамыз айында. Үшінші жағажайдың құрылысы биыл басталып, келер жылдың шомылу маусымы басталғанға дейін аяқталады. Бұл коммуналдық жағажайлар халық үшін қолжетімді, жайлы әрі қауіпсіз демалысты ұйымдастыру мақсатында салынып жатыр. Балқаш көліне елімізден, шетелден демалуға келетін туристер үшін жайлы жағдай жасалады, – деді аймақ басшысы.

Көлге дейінгі 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асуда. Демалыс орындары, санитарлық тораптар орнатылып, қоқыс контейнерлері орналастырылуда. Кондиционермен және сумен қамту жүйесімен жабдықталған бірнеше санитарлық торап салу жоспарланған. Сонымен қатар Лепсі ауылына кіреберісте 10-нан астам көлікке арналған тұрақ алаңының жұмысы қолға алынып, ана мен бала бөлмесі және басқа да қажетті қызметтік бөлмелері бар дәретхананың құрылысы жүргізілуде. Бұл игіліктің барлығы Балқаш жағалауына келушілердің жайлы демалуына мүмкіндік беруге бағытталған.

– Үш коммуналдық жағажай – бұл үлкен бастаманың алғашқы қадамы. Егер қажеттілік туындап, туристер легі көбейсе, қоғамдық жағажайлардың санын кезең-кезеңімен арттырамыз. Жеке инвесторлар мен кәсіпкерлер заманауи демалыс базаларын, демалыс аймақтарын, фуд-корттар және басқа да туристік нысандар салуға ниет білдіруде. Алдағы 4-5 жыл ішінде Балқаш көлінің жағалауы Алакөлден кем түспейтін, тіпті одан да қолайлы демалыс орынына айналады. Өйткені көл жағалауында ретсіз құрылысқа жол берілмейді. Салынатын нысанның бәрі заманауи талапқа сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Ұзындығы 9,3 шақырым болатын жағалау бойындағы автожолдың құрылысы да аяқталуға жақын. Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электрмен және сумен жабдықтау желілері тартылған. Жағалауда 32 шақырым су құбыры, 49 шақырым электрмен жабдықтау желілері және 16 шақырым кәріз жүйесі іске қосылды. Бұдан бөлек, кәріз-тазарту құрылысының жұмысы да жоспар бойынша атқарылуда. Кәріз суларын тазартатын, қуаты тәулігіне 470 текше метр болатын 2 стансы салынуда. Жағалаудың санитарлық жағдайын жақсарту үшін «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылды. Осылайша, Балқаш көлінің жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды.

Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Балқаш жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қазірдің өзінде мультипликативтік әсер беруде. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына инвестиция құйылуда. Мысалы, қызықты деректердің бірі – Лепсі ауылында жеке инвестордың қаржысы есебінен ауылдағы алғашқы қонақүй салынып жатыр.

Жүйелі атқарылған жұмыстың нәтижесінде алдағы жылдары Балқаш көлі туристерді қызықтыратын негізгі орталықтардың біріне айналады деп күтілуде. Қазіргі таңда маусым кезінде көл жағалауында 50 мыңнан астам адам демалады. Алайда жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар толық жүзеге асқаннан кейін мұнда жыл сайын 450 мыңнан астам адамның демалуына мүмкіндік туады. Демалыс орындары мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріндегі қызметшілер саны туристердің болжамды санының шамамен 20%-ын құраса, демалыс маусымында жұмыспен қамтылғандардың саны 4,5 мың адамға жетпек.

Архитектор Нияз Нұрсұлтанұлының айтуынша, Балқаш көліне келушілер үшін кешке серуендеп шығатын арнайы орындар болуы керек.

– Демалушы балалар, жастар, үлкен кісілер үшін жасалып жатқан қоғамдық жағажайларда балалардың қауіпсіздігіне арналған алаң, амфитеатр, концерттік сахна, этноаймақ қарастырылған. Қазақтың қасиетті шаңырағын орнатып, келушілерге бар жағдайды қарастырамыз. Туристер қызықтыру үшін шетелдің жағажайындай етіп жасауға тиіспіз. Бұл инвесторлар үшін мотивация болады деп ойлаймын. Біз ең бірінші өзгенің жылтыраған дүниесіне қызықпай, қолда бар алтынымызды іске асыруымыз керек, – деген ойымен бөлісті.

Талдықорғандық Абылай Махмет биыл алғаш рет көлге демалуға келген. Ол көл жағалауында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстар туралы ойымен бөлісті.

– Таңертең отбасыммен демалуға көлге келдік. Былтыр шұрық тесік жолмен қиналып жеткенбіз. Биыл жол жөнделіпті. Бір жарым сағатта оңай жеттік. Мен шетел асып, өзге елдің туризмін дамытуға қызықпаймын. Өз елімнің туризмін дамытсақ құба-құп. Жетісудың табиғаты ерекше ғой. Көл жағалауындағы жұмыстарды көріп, қуанып отырмын. Енді тек құмға қыздырынуға ғана емес, жаңа, әдемі әрі заманауи келбетке ие болатын Балқашқа келуге асығамыз. Ел ағаларының халықты ойлап жасап жатқан жұмыстары берекелі болсын. Өте қуанышты жағдай, – деді ол.

Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, көл жағалауындағы коммерциялық мақсаттағы жер телімдерiн аукцион арқылы инвесторларға беру жұмыстары басталды. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвестор әкелу міндеті тұр. Бұл табысты жобаларды жедел іске қосуға мүмкіндік беріп, шағын қо- нақүйлерден бастап, ірі рекреациялық кешендерге дейін кез келген ауқымдағы жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, 2 гектарлық жер учаскелері ірі инвесторларға Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен беріледі.

Балқаш көліндегі шомылу маусымы 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін созылады, яғни жаз бойы туристерді қабылдауға мүмкіндік бар деген сөз.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Балқаш көліне тек көлікпен ғана емес, енді теміржол арқылы қатынауға болады. Өскемен, Семей, Алматы, Астана қалаларынан келетін пойыздар Лепсі стансысына тоқтамай өтпейді. Мұнда теміржол вокзалы жаңадан салынып жатыр. Нысанды пайдалануға беру тамыз айына жоспарланған. Құрылыс алаңына барған Бейбіт Исабаев жауапты компания өкіліне ғимаратты биыл тапсыру керектігін айтты.

Теміржол жолаушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге, аймақтың көлік инфрақұрылымының дамуына оң әсерін тигізеді.

– Қазір құрылыс жұмыстарының 45%-ы бітті. Іргетастың монолитті-бетон жұмыстары толық аяқталды. Қазір ғимараттың қабырғалары қалануда. Жақын арада әрлеу жұмыстары басталады. Нысанның жалпы аумағы 617 шаршы метрді құрайды. Вокзал ғимараты барлық заманауи талапқа сай жасалады. Жобада тамбур, вестибюль, күту залы, сауда алаңы, балалы жолаушыларға арналған бөлме, демалыс бөлмесі, санитарлық торап, бірқатар әкімшілік және техникалық бөлме қарастырылған, – дейді «Мақсат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Медет Омарханов.

Облыс әкімі нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін тапсырды.

Тынығушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Тәртіп сақшыларына арналған ғимарат ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін толықтай талапқа сай келтірілген. Полицейлер бірінші қабатта қызмет атқарса, екінші қабатты жатақхана ретінде пайдаланады. Полиция пунктінде тұрақты негізде 5 инспектор қызмет етеді. Ал туристік маусым кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жеке құрам саны 25-ке дейін ұлғайтылады. Полиция қызметкерлері шомылу маусымы аяқталғанша облыстан кезекшілікке келіп отырады. Лепсі ауылында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы патрульдік қызмет атқаратын құтқару бөлімшесінің 12 қызметкері жұмыс істейді.

Шомылу маусымы басталғанда барлық сала мамандарына жауапкершілік жүгі еселенетіні белгілі. Әсіресе ауылдық аурухана қызметіне жүгінетіндер саны артады. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 30 орынды Лепсі ауылдық ауруханасының құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан кезде науқастарды жергілікті емхана қабылдайды.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аймақ басшысы істің сапалы орындалуын жауапты сала мамандарына жіті қадағалауды тапсырып, келер жылы емхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

– Біздің ауылдық ауруханаға соңғы рет жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. Сондықтан ғимаратты заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттілігі туындаған. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыру үшін өте керек. Өйткені науқастар саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе туристік маусымда Лепсіге келетін қонақтар мен демалушылар қатары көбейеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана бізге 800 адам медициналық көмекке жүгінді. Осыған байланысты туристік маусым кезінде аудандық ауруханадан арнайы мамандарды қосымша жіберіп отырамыз. Жақын уақытта тағы 3 дәрігер келеді, – дейді аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаев.

Осылайша, ауылдағы денсаулық сақтау саласының екі ірі нысаны да заман талабына сәйкестендіріліп, жергілікті тұрғындар мен туристер үшін сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі арта түспек.

Балқаш көліне келіп демалушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Бас жоспар бойынша жұмыс жүйелі атқарылса, Балқаш көлі Қазақстандағы ең тартымды, жайлы, қауіпсіз туристік бағыттардың біріне айналу мүмкіндігіне ие болары сөзсіз.

Мұнан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапарында Алакөл жағалауындағы туристік аумақтарды аралап, ондағы жағдаймен танысты. Демалушылар көп шоғырланатын орындарды, қауіпсіздік шараларын, санитарлық жағдайды, медициналық қызмет көрсету жүйесін, кәріз суларын тазарту қондырғысының құрылысын және жағалауды бекіту жұмысының нәтижесін көрді.

– Алакөл – облыстың туристік бет-бейнесін көрсететін маңызды аймақ. Мұнда демалуға келген әрбір азамат өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек. Қауіпсіздік, тазалық, медициналық қызмет және қоғамдық тәртіп мәселесінде салғырттық болмауы тиіс. Әрбір жұмыс нақты бақылауда болуы қажет, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Жағалауда 14 құтқарушы мен 11 моторлы қайық тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 50 полиция қызметкері, 5 автокөлік пен 5 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Бұл шаралар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Көл жағалауын тәулік бойы қадағалайтын бейнебақылау орталығының жұмысымен танысқан облыс әкімі тазалық мәселесіне ерекше назар аударды. Аймақ басшысы жағалаудағы тәртіп пен тазалық тек жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір демалушының ортақ мәдениетін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, табиғат аясында демалу мәдениеті қоғамдық сана арқылы қалыптасуы керек.

– Алакөлге келген адам табиғаттың қадірін сезінуі тиіс. Егер кейбір азаматтар тазалық талаптарына бейжай қарап, қоқысты белгіленбеген жерге тастаса, мұндай әрекеттер заң талаптарын және жеке деректерді қорғау қағидаларын сақтай отырып, әлеуметтік желілер арқылы көрсетілгені дұрыс. Әр демалушы өзінің әрекеті көпшілік назарында екенін түсінгенде ғана ортақ тәртіпке құрметпен қарайды, – деді облыс басшысы.

ДАЙЫНДЫҚ САҚАДАЙ САЙ

Туристік аймақта медициналық қызмет көрсету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ақши ауылында 4 дәрігер мен 2 медицина қызметкері жұмыс істейді. 1 «Жедел жәрдем» көлігі мен 1 санитарлық автокөлік тәулік бойы дайын тұр. Көктұма ауылында 6 медицина қызметкер, 1 санитарлық автокөлік қажетті жағдайда көмек көрсетуге әзір.

Жағалаудың санитарлық жағдайын сақтау үшін 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана және 45 биодәретхана орнатылған. Тазалық жұмыстарын «Алакөл Тазалық» кәсіпорны жүргізеді. Кәсіпорында 49 қызметкер еңбек етіп, 22 арнайы техника жұмылдырылған. Жағалау бойына 720 қоқыс контейнері қойылған.

– Жағалауда қоқыс жиналып қалмауы, санитарлық нысандар үздіксіз жұмыс істеуі үшін арнайы техникалар таңертең ерте жағалау аумағын аралап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Түскі уақытта жағалаудың санитарлық жағдайы мен қоғамдық тәртібі бейнебақылау камералары арқылы қадағаланады. Ал кешкі уақытта тағы бір кешенді тазалық жұмысы атқарылып, күні бойы жиналған қалдықтар шығарылып, аумақ қайта ретке келтіріледі, – дейді «Алакөл Тазалық» мекемесінің басшысы Еламан Тәйкен.

Жағалаудағы өзгерісті демалушылар да анық байқап отыр. Олардың айтуынша, биыл Алакөл бойындағы тазалық, тәртіп және қызмет көрсету сапасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір жақсарған.

– Алакөлге келіп демалып жүргеніме 10 жылдан асты. Жыл сайын келемін десем де болады. Бірақ биылғы жағдайдың өзгеше екенін бірден байқадым. Жағалаудың келбеті жаңарып, тәртіп күшейіп, тазалыққа деген көзқарас та өзгерген. Әсіресе демалушылардың көптігі қуантады. Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, шетелден, соның ішінде көрші Қытай елінен келген туристерді де жиі кездестіруге болады. Бұл Алакөлдің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді. Биыл инфрақұрылым жаңарып, қоқыс жәшіктері көбейіп, тазалық жұмыстары жүйелі жолға қойылғаннан кейін адамдардың да жауапкершілігі артқандай. Мұндай игі жұмыстар жалғасын тапса, бұл аймақ еліміздегі ғана емес, шетелдік туристер қызығатын үлкен демалыс орталығына айналары сөзсіз, – дейді демалушы Мұхтар Ахметжанұлы.

ЖАҒАЛАУ БЕКІТІЛІП, КӘРІЗ ТАРТЫЛДЫ

Алакөл жағалауындағы маңызды жұмыстардың бірі – су шайып кету қаупінің алдын алу. Осы мақсатта қорғаныс бөгетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазірге дейін жалпы ұзындығы 960 метр жағалауды бекіту жұмысы атқарылған. Атап айтқанда, 190 мың текше метр жер жұмыстары жүргізіліп, 4,5 мың текше метр бетон жұмысы орындалған. Бұдан бөлек, жағалауды бекіту мақсатында 4 мың текше метр габиондық құрылымдар, яғни тас толтырылған арнайы темір торлар орнатылған. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген.

Көктұма ауылы маңында жағалауды бекіту жұмыстарын мердігер мекеме «Қаратас Монолит» ЖШС атқаруда. Облыс әкімі жұмыс барысымен танысып, мердігер компания өкілдерінің алдағы жоспарын білді.

– Көктұма ауылының маңындағы жағалауды бекіту жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Бүгінге дейін 1,5 шақырым жағалау бекітіліп, негізгі жұмыстың жартысынан көбі аяқталды. Қазір бетондау және жерлерді тегістеу жұмыстары жалғасуда. Онда 150 адам еңбек етіп, 70 техника жұмылдырылған. Жалпы жоспар бойынша Көктұма ауылында 3,4 шақырым жағалау бекітіледі. Бұл жұмысты биыл толық аяқтау көзделіп отыр, – дейді «Қаратас Монолит» ЖШС-ның учаске басшысы Арман Жүнісқалиев.

Оның сөзінше, Көктұмадан кейін жағалауды бекіту жұмыстары Ақши ауылы бағытында жалғасады. Бүгінде ол жердегі ұзындығы 200 метр болатын бөлікте жағалау бетонмен бекітіліп, тіреулер орнатылған.

Алакөл жағалауындағы кәріз жүйесі де көптен бері өзекті мәселе болып келгені белгілі. Туристік нысандар көбейіп, демалушылар қатары артқан сайын сарқынды суды жинау, тасымалдау және тазарту жұмыстарының маңызы күшейген.

Облыс әкімі жұмыс сапарында кәріз суларды тазарту қондырғысының құрылысына жауапты мамандардан жобаның қазіргі жай-күйін сұрап, нысанды сапалы аяқтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаны қатаң бақылауды тапсырды. Жобаны биыл қараша айында қолданысқа беру жоспарланған. Мердігер мекеме «Толағай» ЖШС, техникалық қадағалау «Сапа құрылыс» ЖШС-ге, ал авторлық қадағалау «Алакөл-Жоба» ЖШС-ге жүктелген.

Қазіргі таңда Алакөл ауданы аумағында тәулігіне 6,5 мың текше метр кәріз суларын тазарту құрылысы жүргізілуде. «Кәріз суларын тазарту құрылысын салу, кәріз жүйесін салу. ІІ кезек» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Осыған дейін Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісі тартылып, сарқынды суларды тазарту қондырғысына жеткізетін құбырлар орнатылған. Енді кәріз суларын тазартатын негізгі қондырғының құрылысы жүргізілуде.

– Ақши ауылындағы кәріз суларды тазарту қондырғысының құрылысы қарқынды жүруде. Қазір су тазарту нысаны салынуда. Мұнда 45 адам еңбек етуде. Жоба биыл толық аяқталып, іске қосылса, тазартылған су бау-бақшаны суаруға, жолдарды жууға және басқа да техникалық жұмыстарға пайдаланылады. Ең бастысы, Ақшидың санитарлық жағдайы жақсарып, туристік ауылдың келбеті жаңара түседі. Алдағы бір-екі жылда Ақши ауылының бет-бейнесі айтарлықтай өзгереді деп сенеміз, – дейді «Толағай» ЖШС-нің учаске басшысы Бақтияр Сарыбаев.

Бүгінде зертхана ғимаратының сыртқы фасадтық және ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бақылау-өткізу пунктінің қалау жұмыстары атқарылып жатыр. Нысанды қоршау жұмыстары басталып, бүгінге дейін 220 метр қоршау аяқталған. Жалпы жоба бойынша 2000 метр қоршау жүргізілуі тиіс.

Кәріз жүйесі көзге көп көріне бермегенімен кез келген туристік аймақтың тұрақты дамуы үшін шешуші маңызы бар сала. Сондықтан Алакөл бойында салынып жатқан тазарту құрылысы жағалаудың экологиялық қауіпсіздігіне, туристік тартымдылығына және санитарлық тұрақтылығына қызмет ететін маңызды жоба.

ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫ ЖАҚСАРДЫ

Биыл Алакөлге қатынау мүмкіндігі кеңейе түсті. Туристер үшін әуе және теміржол бағыттары көбейіп, жол қатынасы бұрынғыдан да қолайлы бола бастады. Үшарал әуежайы арқылы Астана – Үшарал – Астана бағыты бойынша VietJet Qazaqstan әуе компаниясының субсидияланатын рейстері аптасына 3 рет, Алматы – Үшарал – Алматы бағыты бойынша SCAT әуе компаниясының рейстері аптасына 4 рет қатынайды.

Теміржол қатынасы да күшейтілді. Биыл Алакөл бағытына Павлодар қаласынан жаңа бағыт қосылып, жалпы пойыз рейстерінің саны артты. Қазір Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Ақтоғай, Қызылорда және басқа да бағыттар бойынша қатынас қарастырылған. Аптасына 23 рет 13 пойыз рейсі жүреді. Барлығы 157 вагон пайдаланылып, 4473 орын қарастырылған.

Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев журналистердің сұрағына жауап беріп, Алакөл жағалауындағы жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды.

– Облыс әкімі Балқаш пен Алакөл көлдерінің жағалауындағы дайындық жұмыстарын арнайы қарап, нақты тапсырмалар берді. Соңғы екі жылда Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Көл бойына электр желісі толық тартылды, ауызсу мәселесі шешілді, Үшарал – Ақши – Көктұма бағытындағы жол сапалы салынды. Жол бойында санитарлық-гигиеналық тораптар қойылып, талапқа сай жұмыс істеп тұр. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісі тартылып, су тазарту құрылғысының құрылысы жалғасуда.

Биыл демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы бұл бағытта 13 полиция қызметкері жұмыс істесе, биыл олардың саны 50-ге жеткізілді. Су айдыны 30 бейнебақылау камерасы арқылы қадағаланып, 14 құтқарушы тұрақты кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, облыс әкімі суда жүретін қайықтар мен катерлердің қауіпсіздігін бақылайтын мамандар санын 4-тен 10-ға дейін көбейтуді тапсырды, – деді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.

Атқарылған жұмыстар Алакөлге келетін демалушылар үшін жолды жеңілдетіп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түседі. Ең бастысы, туристерге қауіпсіз, таза әрі қолайлы орта қалыптастыру жағалауда жүргізіліп жатқан әрбір жұмыстың негізгі өзегіне айналып отыр.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Қажет АНДАС

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз