Талдықорған қаласындағы қалалық жағажай аумағында «Taldyk Summer» жазғы фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан мерекелік шара көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы маусымның жарқын басталуына айналды.
Фестивальдің ашылу салтанатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар түрлі ойын-сауық алаңдары жұмыс істеп, балалар мен жастарға арналған қызықты сайыстар мен белсенді демалыс түрлері ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталмыш жоба тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар, шығармашылық кездесулер, ашық аспан астындағы концерттер, отбасылық демалыс бағдарламалары және жастарға арналған түрлі танымдық жобалар өткізілмек. Жоба тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қаладағы мәдени өмірді жандандыруға бағытталған.

Манзура Шалхарбай, Қарабұлақ кентінің тұрғыны: Қаламызда ұйымдастырылған жазғы фестивальдің ашылу салтанатына балаларымызбен арнайы келдік. Бұл шараны асыға күткендердің бірі ретінде ерекше қуаныштымыз. Өткен жылы да жағажай аумағында өткен мәдени-көпшілік іс-шараларға жиі қатысып, отбасымызбен бірге тамаша уақыт өткізген болатынбыз. Әр апта сайын ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларды тамашалап, түрлі ойын-сауық пен көрмелерге қатысып, жергілікті кәсіпкерлер ұсынған сапалы өнімдерді сатып алдық. Биылғы фестивальдің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, қызықты бағдарламалар мен жаңа жобалар ұсынылады деп күтілуде. Сондықтан бұл жаз қала тұрғындары үшін ерекше есте қаларлық маусым болады деген сенімдеміз. Фестиваль ұйымдастырушыларына алғысымызды білдіре отырып, барша қатысушыларға жарқын әсер және ұмытылмас сәттер тілейміз!
Камшат Садыкова, қала тұрғыны: Мұндай фестивальдердің ұйымдастырылуы қала тұрғындары үшін өте маңызды деп ойлаймын. Әсіресе жаз мезгілінде отбасымызбен бірге келіп, демалып, түрлі мәдени бағдарламаларды тамашалауға мүмкіндік бар. Балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық шаралар да көңілімізден шықты. «Taldyk Summer» жобасы қаланың мәдени өміріне жаңаша серпін беріп, тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізуіне жағдай жасап отыр. Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар.
Ділшат Нұрланқызы, қала тұрғыны: «Taldyk Summer» фестивалінің басталғанына қуаныштымын. Қаламызда осындай ашық аспан астындағы мәдени және спорттық іс-шаралардың көбеюі тұрғындардың белсенді демалуына мүмкіндік береді. Бүгінгі мерекелік бағдарлама өте әсерлі өтті, әсіресе жастар мен балаларға арналған ойын-сауық түрлері ұнады. Жаз бойы жалғасатын жобаның аясында көптеген қызықты шаралар ұйымдастырылады деп сенемін. Бұл бастама қала тұрғындарын біріктіріп, Талдықорғанның көркін арттыра түседі.

Раяна, Дарын, Бейбіт, қала тұрғындары: Бізге бүгінгі мереке өте ұнады. Түрлі ойындарға қатысып, қызықты уақыт өткіздік. Әсіресе сахнадағы концерт пен жағажайдағы ойын-сауық бағдарламалары көңілімізден шықты. Осындай мерекелер көп болса екен дейміз. Баршаларыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, өзіміз тәрізді бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ, әрқашан сыңғырлаған күлкі тілейміз.





























