8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі бірқатар ақ самайлы аналар мен қыз-келіншектерді қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен жүздесуге қоғамның әр саласында қызмет атқарып, демалысқа шыққан ақ жаулықты аналар мен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелері қатысты.

Нақты мәліметтерге жүгінсек, бүгінде жалпы Жетісу өңірінде  7 мыңнан астам  мемлекеттік қызметкер болса, оның 51 пайызы әйелдер. Соның ішінде 57 нәзікжанды әр деңгейдегі мәслихаттың депутаты, 386 азаматша жергілікті атқарушы билік органдарында. Ал, 9 186 бұрымды басқа да кәсіпорындар мен мекемелерде басшылық қызмете.

Жиналған қауым алдында сөз алған Амандық Ғаббасұлы аруларды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Өздеріңізбен жылдағыдай көктемнің алғашқы мерекесінде кездесіп отырғаныма ерекше қуаныштымын. Осы орайда мен ақ жаулықты әжелеріміз бен асыл аналарымызды, ару қыздарымызды 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, шаңырақтарыңызға шаттық, баянды бақыт тілеймін. Адамзат баласы үшін анадан ардақты, анадан қымбат ешкім жоқ.  Біздің аналарға деген құрметіміз зор. Жыл сайын Талдықорған төрінде аяулы жандар әдемі гүл мен әсем ән-күйге бөленетін. Бүгін әлемдегі орын алған індетке байланысты, мерекелік жиынға қатысушылар саны шектелді. Аман-есен бұл жағдайдан да өтеміз. Шуақты, қуанышты күндеріміз әлі алда», – деді облыс әкімі.

Шынында да, болашағын ойлаған ел, ең алдымен анаға бас иеді. Әлем – бейне бір асыл қазына болса, соның ішіндегі ең қымбаттысы – әйел. Дүниеге сәби әкеліп, ұрпағын тәрбиелейтін, халқының береке-бірлігін сақтайтын да – әйелдер. Еліміз ежелден қыз балаларды ерекше қадірлеп, бағалаған. Аруларымыз ер-азаматтармен қатар атқа қонып, елімізді, жерімізді қорғаған.  Қарашаш сұлу, Айша бибі, Ұлбике мен Домалақ аналар, Назым мен Гауһар, Шығыстың қос жұлдызы – Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз апаларымыз – қазақ әйелдерінің символы.   Ұлы даналарымыз Шоқанның әжесі Айғаным, Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, Елбасын дүниеге әкелген Әлжандай аналарды мақтанышпен атап өтуге болады.

Сондай-ақ, А. Ғаббасұлы: «Бүгінгі күнде жалпы Алматы облысындағы халық саны – 2  милллионан астам, оның 1миллион 100 мыңға жуығы әйелдер. Ал кешегі ерен еңбегімен Жетісудың даңқын шығарған аяулы жандар – Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева апаларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмайды.  Бүгінде халқымыз алақанына салып, аялап жүрген Еңбек Ерлері – Күләш Айтжанова мен Рахилям Сейітова – біз үшін ерекше құрметті жандар» дей келе, ел-жұрты ерекше бағалайтын облысымыздың Құрметті азаматтары: Күләш Түменбаева, КүмісжанӨмірбаева, Қалима Жазылбекова, Марьян Байқанова, Дина Нұрғалиева, Ұлтуған Жаутикова сынды апаларымыз барын тілге тиек етті.

Жиын соңында біраз адамдар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және арнайы Алғыс хаттарымен марапатталып, әрі қарай арнайы ақ дастархан басындағы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK