Заман ағымы өзгерген сайын қоғамның сұранысы да жаңарып келеді. Бүгінгі күні әлемдік даму үдерісінің басты тетіктерінің бірі саналатын жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Кеше ғана ғылыми зертханалардың жаңалығы болған технологиялар бүгінде білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет көрсету және ақпараттық коммуникация кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру мен жаңа технологияларды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру – келешекке бағытталған маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта Жетісу облысында жастардың технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған «Жетісу облысы жастарының жасанды интеллекті қолдану мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын дамыту» жобасы жүзеге асырылды. Жоба Жетісу облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Jetisý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Бастаманың негізгі мақсаты – жастардың цифрлық білім деңгейін көтеру, жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз әрі нәтижелі пайдалану дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ оларды технологиялық өзгерістерге бейімдеу. Қазіргі еңбек нарығында жаңа цифрлық құралдарды меңгерген, ақпаратпен сауатты жұмыс істей алатын жас мамандарға сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда жоба өңір жастарының білім көкжиегін кеңейтіп, заманауи мүмкіндіктерді игеруіне жол ашты.
Жоба аясында облыстың қала және аудан жастары үшін танымдық кездесулер, оқыту семинарлары, тәжірибелік тренингтер мен воркшоптар ұйымдастырылды. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, оны оқу үдерісінде, кәсіп бастау барысында, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда және күнделікті тұрмыста қолданудың нақты тетіктерін меңгерді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, интернет кеңістігіндегі жауапкершілік пен цифрлық этика мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Іс-шара облыстың 8 ауданы мен 2 қаласын қамтып, жалпы саны 1000-нан астам жасты біріктірді. Әсіресе шалғай елді мекендердегі жастар үшін мұндай оқыту алаңдарының маңызы зор. Себебі цифрлық мүмкіндіктерді меңгеру арқылы олар білім алуда, кәсіп таңдауда және өз идеяларын жүзеге асыруда жаңа көкжиектерге жол ашады.
Жобаның қорытынды кезеңінде облыстық хакатон ұйымдастырылды. Зияткерлік додада қатысушылар өздерінің шығармашылық ойлау қабілетін, технологиялық сауаттылығын және жаңашыл бастамалар ұсыну мүмкіндігін көрсетті. Қысқа уақыт ішінде тың жоба әзірлеп, өз шешімдерін қорғаған жастар арасынан үздіктер анықталды. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





























