Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп текке айтпаған. Бүгінгі таңда адам өміріне араша болып, түн ұйқысын төрт бөліп, дертке дауа іздеген ақ халатты абзал жандардың еңбегі — нағыз ерлікпен тең. Осындай өз ісіне адал, антына берік, мейірімді әрі жауапкершілігі жоғары жас маманның бірі — Көксу аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Жұмағалиев Адай Асхатұлы.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Адай Асхатұлы — текті жердің түлегі, дәрігерлер отбасында дүниеге келіп, бала күнінен медицинаның қасиетті иісін сезініп өскен жан. Саналы ғұмырын өзгелердің өмірін сақтауға арнаған әулеттің тәрбиесін көріп өскен жас өреннің өзге соқпақты таңдауы мүмкін де емес еді. Өз бойындағы білімге деген құштарлық пен еңбекқорлықтың арқасында ол медицинаның биік шыңын бағындырып, бүгінде туған елінің алғысына бөленіп, халықтың ыстық ықыласына ие болып отыр. Бүгінгі таңда жастар арасында білікті маман табу қиын дейтіндер қателеседі, Адай сияқты өз ісінің шебері, жүрегі жылы жас дәрігерлер барда еліміздің медицинасының болашағы жарқын екені даусыз.
Көксу ауданының тұрғындары — Садықовтар отбасы бұл жас азаматтың адамгершілігі мен кәсіби біліктілігіне куә болып, ерекше тәнті болды. Үйдің тірегі, берекесі болып отырған 85 жастағы аяулы Клара әже кенеттен денсаулығы сыр беріп, ауыр хәлде жедел жәрдеммен ауруханаға түседі. Өмір мен өлім арпалысқан сол бір қысылтаяң сәтте дәрігер Адай Асхатұлы бір секунд та кідірместен, дер кезінде алғашқы көмек көрсетті. Халқымыз «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» дейді, қарт кісінің жағдайы өте күрделі болғанына қарамастан, жас дәрігер әрбір тексеруді мұқият жүргізіп, нақты әрі жедел шешім қабылдай білді. Оның бұл әрекеті — үлкен кәсібиліктің ғана емес, адам өміріне деген зор жауапкершіліктің белгісі. Ең сүйсінерлігі — Адай Асхатұлы әженің беті бері қарағаннан кейін де өз бақылауын тоқтатқан жоқ. Дәрігерлік міндетінен тыс, жүрек қалауымен қарияның емін назарда ұстап, үйіне арнайы медбике жіберіп, қажетті жүйелер мен ем-дом шараларын толықтай ұйымдастырып отыр. Бұл — оның тек маман ғана емес, үлкен жүректі, иманды азамат екендігнің айқын дәлелі.
Осындай ерекше қамқорлыққа риза болған Садықовтар әулеті шынайы тілектерін былай деп ақтарды: «Ақ халатты абзал жан Адай Асхатұлына шын жүректен алғысымызды білдіреміз! Еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз арта берсін! Халықтың алғысы мен ақ батасына бөлене беріңіз! Сәждеге бас қойған қариялардың батасы сізді әрдайым қолдап жүрсін!».
Халықтың ықыласынан асқан бақыт, алғысынан асқан байлық жоқ. Өз ісіне адал жас дәрігер Жұмағалиев Адай Асхатұлының еңбегіне біз де жеміс тілейміз. Аман болыңыз, ақ халатты абзал жан!





























