Музей түні

2

Халықаралық музейлер қауымдастығының бастамасымен жыл сайын әлем елдерінде «Музей түні» мәдени акциясы кең көлемде аталып өтеді. Аталған шара алғаш рет 1997 жылы Берлинде «Музейдегі ең ұзақ түн» атауымен ұйымдастырылған болатын. Бүгінде бұл бастама әлемнің 150-ден астам елінде кәсіби мереке ретінде тойланып, мәдени мұраны насихаттайтын маңызды рухани жобаға айналды. Осыған орай, Жетісу өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарын жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан асыл мұраларды кеңінен таныстырып жүрген Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Өткеннің ізі, болашақтың тілі» атты тағылымды мәдени шара ұйымдастырды.

Іс-шара барысында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар музей қызметкерлері марапатталды. Сонымен қатар, кеш аясында келушілерге ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптейтін көрмелер, музей қорындағы құнды жәдігерлер, Жасанды интеллект жылына орай қала жастарының инновациялық бағыттағы жетістіктері, ғылым мен технологияның бүгінгі мүмкіндіктері кеңінен насихатталды. Назарбаев Зияткерлік мектебі, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі және TkRobotics робототехника мектебі ұйымдастырған «Роботтар әлемі» көрмесі ұсынылды. Бағдарлама аясында робототехника бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қатысушыларға робот құрастыру мен бағдарламалау негіздері түсіндірілді. Музей қонақтарына жаңартылған форматтағы экскурсиялар ұсынылып, экспозициялар QR-кодтар арқылы таныстырылды. Бұдан бөлек, интерактивті көрме, танымдық кездесу, квест ойындары және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз