«Қорғас» аймағындағы «Нұр Жолы» өткізу пункті мен «Алтынкөл» стансысы – еліміздің оңтүстік-шығыс шекарасы маңындағы басты көлік тораптары. Қазіргі уақытта мұнда өткізу қабілетін арттыру және цифрландыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Нұр Жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары Серік Дәукеновтің айтуынша, жұмыс тиімділігін арттыру үшін «Нұр Жолы» өткізу пунктінде CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесі енгізілген. Пункттің өзі 2023 жылдың тамыз айынан бері тәулік бойғы жұмыс режиміне көшкен. Сондай-ақ биыл пункт аумағында ірі габаритті көліктерге арналған ұзындығы 2,4 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды. Соның нәтижесінде инфрақұрылымға түсетін жүктеме 40-45% азайып, қызмет көрсетілетін көліктер саны артты.
– Мұнда 12 инспекциялық тексеру кешені, радиациялық бақылауды тексеретін 21 қондырғы бар. Кеден бекетінің өткізу қабілеті жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен 2024 жылы екі жақ бағытта 439 мың жүк көлігін өткізсек, былтыр көрсеткіш 542 мыңға жетті, – деді С. Дәукенов.
Сонымен қатар кеден бекеті аумағында бельгиялық «Sarens» компаниясының қойма кешені мен жаңа айналма жол салу жобасы іске асырылуда. «Нұр Жолының» өткізу қабілетін арттыру үшін жинақтау алаңдары мен жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық автовокзал құрылысын қоса алғанда, 15 мыңға дейін автокөлікті орналастыруға мүмкіндік беретін төрт инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Шекаралық аймақтағы негізгі теміржол торабы – «Алтынкөл» стансысында 6 кең жолдан тұратын жаңа экспорттық парктің құрылысы аяқталды. Стансы бекетінің бастығы Данияр Нұрқасымовтың айтуынша, мұнда ұзындығы 294 шақырым болатын «Алтынкөл-Жетіген» учаскесін жаңғырту жобасы іске асырылуда.
– Стансы басында сұрыптау жүйесі және кең табанды жолға қосымша жолдар салынады. Тар табанды жолға қосымша тағы 4 жол қосылады. Жоба аяқталғаннан кейін теміржол бағытының өткізу қабілеті тәулігіне 18-ден 33 жұп пойызға дейін артады, – деді Данияр Нұрқасымов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік логистикасы инфрақұрылымдық деңгейден экономикалық деңгейге кезең-кезеңімен көшіріліп, соның нәтижесінде «Нұр Жолы» кеден бекеті мен «Алтынкөл» стансысындағы автомобиль және теміржол жолдарының өткізу қабілеті арттырылды, жүк және жолаушылар тасымалы көлемі артып, кірістер ұлғаюда.
Атап өтсек, соңғы 4 жылда «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пунктінен екі тарапқа өткен көлік құралдарының саны 99 мың бірліктен (2022 жыл) 542 мың бірлікке (2025 жыл) дейін, яғни 5,5 есеге өскен.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков


























