12 қаңтар – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, өз заманының ұлы саясаткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, кеңес одағында ең биік лауазымға ие болған алғашқы қазақ Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Бүгін осыған орай Талдықорғанда ұлтымыздың біртуар перзентін еске алу мақсатында арнайы шара өтті.

Аталмыш шара Д.Қо­наев ескерт­кішіне гүл шоғын қою рәсімімен бас­талды. Еске алу жиынына ұлы тұлғаның көзін көрген қатарластары, бүгінде ақылшы қариялар және қала тұрғындары қатысты. Жиналған қауым Димекеңнің өмірі, өскен ортасы, еңбек жолы, жасаған игі істері  жөнінде әңгіме өрбітіп, естеліктермен бөлісті.

Айта кетейік, Дінмұхамед Ахметұлы – 1955-60, 1962-64, 1964-86 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып, елі үшін аянбай тер төккен жан. Ол ел экономикасы мен ұлттық мәдениетінің өркендеуі жолында білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аямай жұмсады. Сондай-ақ, Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білген адам. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметтерін атқара жүріп, өктем саясаттың ығымен кете бермей, ел мүддесі мен болашақ қамын бір сәтке де естен шығармады.

Әсем қала Алматыда (1912 жылы) дү­ниеге келіп, мағыналы да мәнді ғұмыр кешкен Дін­мұхамед Ах­мет­ұлы қазақ халқының жүре­гінде, жа­дында. Ол өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнап, 1993 жылы 81 жасқа қараған шағында 22 тамыз күні қайтыс болды. Мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің  емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп, көпке үлгі болды. Оның даңқты есімі ешқашанда ұмытылмақ емес.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK