Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Үштөбе қаласындағы орталық саябақтың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл саябақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жаңа кейіпке енбек, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, өткен жылы халықпен кездесуі барысында парктің жағдайымен танысқан облыс әкімі оған жөндеу жүргізуді тапсырып, соған сәйкес тиісті шаралар қолға алынған болатын.
Бүгін саябаққа арнайы барған өңір басшысына аудан әкімі Ұлан Досымбеков оның ағымдағы жөндеу жұмыстарының бас жоспарымен таныстырды. Аудан басшысының айтуынша, саябақта екі кіреберіс қақпа болады. Субұрқақ, ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы және демалысқа қажетті басқа да мүмкіндіктер қарастырылады. Жоба осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталады деп межеленген.
Жоспарға қатысты сұрақтарын егжей-тегжейлі нақтылап, бірқатар ескертпелерін енгізген облыс әкімі:
— Биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында үш аудандағы орталық саябақтарда суару жүйесін жүргізіп, абаттандыру және күрделі жөндеу жоспарланған. Соның бірі – осы Қаратал ауданы орталығындағы саябақ. Парктің жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтаңыздар. Жасыл желек жайқалып өсу үшін мұнда автосуару жүйесін жүргізу өте маңызды. Бұл саябақ ауданның ересек тұрғындары үшін де, балалар үшін де жайлы демалыс орнына айналуы тиіс, — деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған, оған соңғы рет 2012 жылы жөндеу жүргізіліпті. Саябақтың жалпы аумағы 6,6 га.
Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Фархат Бөлекбаевтың сөзіне сүйенсек, мұнда ескі ағаштарды кесу, бұтақтарды қырқу, жаңа көшеттер егу, ағаштарды қалыптау жұмыстары жүргізілген.
— Саябақ аумағына 1200 ағаш отырғызылды, оның 750-і қылқан жапырақты, 450-і жапырақты ағаштар. Жобаға сәйкес қазір тротуарлар салу бойынша өлшеп-белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Ескі амфитеатрға күрделі жөндеу жасалады, оның астыңғы бөлігіне фут-корт орналастырылып, ол қызмет көрсету нысандарын ашу үшін жеке кәсіпкерлерге беріледі. Саябақтың шығыс бөлігінде субұрқақ салынады, этноауыл құрылады. Ал солтүстік бөлігінде релакс-аймақтар жасалады, сол сияқты қолданыстағы ойын алаңдары жаңартылып, қосымша скейт-парктер жасалады, — деді Ф. Бөлекбаев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта шағын архитектуралық пішіндерді орнату, гүлзарларды орналастыру, гүл отырғызу, көгалдандыру, автоматты суару жүйесін жүргізу, саябақ инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, тротуар төсеу жұмыстары атқарылады. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстарына мердігер компанияның 10 адамы, 6 техникасы тартылған, алда жұмысшылар санын 60-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы, облыс құрылғаннан бері аудан-қалаларда 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынған, сол сияқты 2022–2025 жылдары 40 саябаққа күрделі жөндеу жүргізілді. Осы жылы да абаттандыру жұмыстары жалғасып, тағы 10 саябақ, 1 сквер, 3 аллея жөнделмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста жалпы ауданы 74 гектарды құрайтын үш эко-саябақ құру жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























