Жетісу облысында өткен жылы ауыл шаруашылығы техникалары 6,9 % жаңартылып, мемлекеттік қолдаудың арқасында 500-ден астам шаруашылық жаңа техника сатып алған. Ал биыл Жетісу облысында бұл көрсеткішті 8 %-ға жеткізу жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту техниканың жағдайына тікелей байланысты. Бұл ретте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайын жаңарту туралы тапсырмасына сәйкес өңірде шаралар қабылдануда.
— Өткен жылы жаңартылған техника үлесін 6,5 пайызға жеткізу жоспарланған болатын, іс жүзінде 12,1 млрд. теңгеге 560 бірлік жаңа техника сатып алынып, жаңару үлесі 6,9% жеткізілді. Биыл 8 % жаңартуды межелеп отырмыз. Осы жылға «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолжетімді шарттармен жаңа техникаларды лизингке алуға 15,0 млрд.теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні 4,5 млрд.теңгеге 204 бірлік комбайн, трактор және басқа да агрегаттар сатып алуға өтінім түсті, соның ішінде қазіргі кезде 2,3 млрд.теңгеге 101 техника алуға келісім шарт жасалынды, — деді басқарма басшысы.
Мәселен, материалдық базасын жаңа техникамен толықтырған шаруашылықтардың бірі – Қаратал ауданындағы «Сексенбаев» ШҚ.
— Біздің қожалық егін шаруашылығымен айналысады. 20 гектарға қант қызылшасын, 20 гектарға жүгері себуді бірер күнде бастаймыз. Шаруашылық жұмыстарын отбасымызбен атқарамыз, негізінен балаларым көмектеседі. Бүгінгі жаңа заманда ауыл шаруашылығында техникасыз іс бітпейді. Иелігімде 4 трактор бар, өткен жылдың күзінде тағы бір YTO-804 тракторын лизингіге сатып алдым. Жеңілдік ретінде Қазақстанда шығарылатын техниканы сатып алу шығындарының 30 % мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл – біз үшін үлкен көмек, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Сексенбаев.
Жалпы, Жетісу облысындағы көктемгі дала жұмыстарына 20 мың бірліктен астам техника тартылған, соның ішінде трактор, соқа, сепкіш, қопсытқыш, жер тырмалары т.б. техникалар.
Атап өтсек, бүгінгі күні облыста 39 севистік-даярлау орталығы жұмыс істейді, олар өз қызметінде 694 бірлік техниканы пайдаланады. Соның ішінде қант қызылшасы, дәнді дақылдар, мал азығы, картоп, күріш, қарақұмық, жүгері бағыттарына арналған техникалар бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























