Жаңа Конституция – ел болашағына бастайтын тарихи белес

4

Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан маңызды тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан еліміз үшін Жаңа Конституция – жай ғана құқықтық өзгерістердің жиынтығы емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, болашаққа бағытталған жаңа қоғамдық келісім. Оның өзегінде ең қастерлі құндылық – адам, оның құқығы мен қадір-қасиеті жатыр.

Осы маңызды құжаттың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіру, әр азаматтың пікірін тыңдап, қоғамдық талқылауға жол ашу мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция құрылды. Бұл бастама – ел тағдырына бейжай қарамайтын қоғам өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып отырған маңызды қадам. Өңірімізде облыстық жалпыұлттық коалиция «AMANAT» партиясының базасында құрылып, оның құрамына 57 белсенді азамат – Ардагерлер алқасы, Ұлттық құрылтай мүшелері, Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген облыстық мәслихат төрағасы, Қоғамдық кеңес, сондай-ақ «Ақ жол», Қазақстан  Халық партиясы, «Ауыл», «Respublica» партияларының облыстық филиал, Азаматтық альянс пен үкіметтік емес ұйым өкілдері кірді.

Облысымызда республикалық коалиция мүшелері тұрғындармен бірқатар кездесу өткізіп, оған өңірлік коалиция өкілдері де белсенді атсалысты. Коалиция мүшесі ретінде мен де осы шараларға қатысып, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңызын әр сала өкілдерімен талқыладым. Осындай мазмұнды кездесулердің бірі Үштөбе қаласында өтті. Мұнда «Үштөбе Айдын» ЖШС және «Қазсушар» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесіп, ел дамуы үшін маңызы зор құжаттың негізгі бағыттары жайында ашық пікір алмастық.

Сонымен қатар «Есіктен есікке» акциясы аясында Алакөл ауданының Көктұма ауылы тұрғындарымен, Панфилов ауданындағы бірқатар кәсіпорындар мен білім беру саласының қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Әрбір жүздесуде Жаңа Конституцияның мәні мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, тұрғындардың ой-пікірі тыңдалды. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық диалогтың жарқын көрінісіне айналды.

Жетісу облысында коалиция жұмысы жүйелі әрі нәтижелі жүргізілді. 16 ақпан мен 12 наурыз аралығында «Есіктен есікке» акциясы шеңберінде 256 іс-шара өткізіліп, 33 мыңнан астам тұрғынға тікелей түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үгіт-насихат бағытында 919 іс-шара ұйымдастырылып, 105 мыңнан астам адам қамтылды. Алдағы референдумға дайындық аясында облыстағы 468 сайлау учаскесіне 640 байқаушы бекітіліп, олар арнайы оқыту семинарларынан өтті. Ақпараттық жұмыстар барысында 200-ден астам қоғамдық пікір көшбасшылары жұмылдырылып, 218 бейнеүндеу жарияланды.

Осындай ауқымды жұмыстардың басты мақсаты – халықтың Конституцияның мәнін терең түсінуіне және алдағы референдумға белсенді қатысуына жол ашу. Өйткені бұл құжат – еліміздің даму бағытын айқындайтын тарихи таңдау.

Бүгінде өңір-өңірді, елді мекендерді аралап, халықпен жүздескен сайын бір нәрсе анық сезіледі: ел болашағына деген жауапкершілік әр азаматтың жүрегінде бар. Кездесулер барысында тұрғындардың шынайы қолдауы мен үміті байқалады. Олар ел ертеңіне сеніммен қарап, басталған өзгерістерді қолдайтынын ашық білдіруде.

Жаңа Конституцияның басты ұстанымы – адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қызмет етуі тиіс деген қағида. Бұл – әділетті, ашық әрі жауапты қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

Сондықтан да алдағы тарихи таңдауда әр азаматтың үні маңызды. Себебі елдің ертеңі – бүгінгі шешімдерге байланысты. Ал халықтың бірлігі мен ортақ мұраты бар жерде жарқын болашаққа бастайтын жол әрқашан ашық.

Гүлнар Тойлыбаева, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз