«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жетісу облыстық коалиция мүшелері Жанат Оспанов және Салтанат Тіністанова №11 мектептің ұжымымен кездесіп, алдағы жалпыхалықтық референдумның маңыздылығын түсіндірді.
Коалиция өкілдері Конституциядағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын, сондай-ақ әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін сақтау қоғамдағы жауапкершілікті күшейтетінін ерекше айтты.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушыларға Конституциядағы жаңартулардың маңыздылығы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Коалиция өкілі Жанат Оспанов жобаның негізгі бағыттары мен жаңашыл реформаларын таныстырып, цифрлық технологияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Цифрлық технологиялар дәуірінде азаматтардың құқықтарын қорғау жаңа мазмұнға ие болуда. Осыған байланысты жаңа Конституцияда цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға ерекше мән берілген. Жеке деректердің қорғалуы, онлайн-қызметтерге тең қолжетімділік, интернеттегі қауіпсіздік пен жеке өмірге қолсұғылмаушылық конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл – мемлекеттің азамат құқығын тек дәстүрлі кеңістікте ғана емес, цифрлық ортада да қорғауға дайын екенінің айқын дәлелі. Жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқын бекітіледі. Оның ғылымға, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделетіні нақты көрсетіледі. Бұл қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің және радикалды көзқарастардың алдын алудың маңызды кепілі, – деді спикер.





























