Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту мақсатында тиімді өзара іс-қимылды жолға қою мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда Бейбіт Исабаев:
– Кәсіпкерлік – экономикалық өсудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі қозғаушы күші. Бұл бағытты дамыту мен қолдауға ел Президенті ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты Жетісу облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары да белсенді дамып келеді. Біз өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің шамамен 65%-ын өзімізде өңдейміз. Дамудың тағы бір маңызды бағыты – туризм. Жалпы өңірде барлық салаларда кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – деді облыс әкімі.
Бұл ретте өңір басшысы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды, соның ішінде металлургиялық комбинаттың, Қазақстан-Қытай халықаралық өндірістік қаласының, сондай-ақ жүк және жолаушыларға арналған әуежайдың құрылысын атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіп саласын дамыту мәселесіне де тоқталып, бұл кездесу Жетісу өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға маңызды серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев кәсіпкерлікті қолдау бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды:
– Біздегі іскерлік климаттың ішкі рейтингісіне сәйкес, Жетісу облысы республика бойынша шағын және орта бизнес сегментінде алтыншы орында тұр. Инвестиция тарту бойынша да жақсы нәтижелер бар. Жалпы өңірдің әлеуеті жоғары, оған географиялық орналасуы жағынан қолайлылығы да ықпал етеді. Өз тарапымыздан біз өңірдегі кәсіпкерлік саласына қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деген ол жуық арада елдің барлық өңірін қамтитын шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар жергілікті кәсіпкерлікті қолдаудың өзекті мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
Атап өтсек, Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 62 мыңнан асады. Бұл салада шамамен 110 мың адам жұмыс істейді. Сонымен қатар өңір экономикасындағы ШОБ үлесі — 33,2%. Жалпы соңғы үш жылда аймаққа 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























