Негізі, кез келген мемлекеттік реформа немесе Конституциялық өзгеріс, қоғамның даму бағытын көрсететін бағдаршам сияқты. Біз, өнер адамдары, бұл үдерістерге ең алдымен кәсіби тұрғыдан қараймыз. Себебі театр – қоғамнан оқшау тұрған арал емес. Елде болып жатқан әрбір құқықтық немесе әлеуметтік жаңару ерте ме, кеш пе театр сахнасына, драматургияға, көрерменнің талғамына әсер етеді.
Жаңа Конституция аясында айтылып жатқан өзгерістерді мен, ең алдымен, шығармашылық жауапкершілік деп түсінемін. Заңда адам құқығы мен сөз бостандығына басымдық берілуі – біздің режиссерлеріміз бен актерлеріміздің еркін тыныстауына, батыл ізденістерге баруына жол ашады.
Кез келген құжаттың өміршеңдігі оның іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты. Сондықтан біз бұл реформаларды құрғақ насихат деңгейінде емес, нақты іспен, көрерменмен ашық диалог орнату арқылы қолдаймыз.
Театрдың міндеті – біреуді мақтау немесе даттау емес, адамның ішкі әлемін, оның қоғамдағы орнын көркем бейнелер арқылы көрсету. Егер жаңа реформалар халықтың мәдени деңгейінің өсуіне, өнердің еркін дамуына жағдай жасаса, біз үшін ең басты нәтиже.
Сахна – ақиқаттың мекені. Сондықтан елдегі оң өзгерістердің рухани құндылықтармен астарласып, халықтың игілігіне айналуына біз де өнер арқылы үлесімізді қосамыз. Театрдың шымылдығы әрқашан көрерменге ой салу үшін ашылады, ал ертеңгі күннің қандай болатыны бәріміздің бүгінгі еңбегімізге байланысты.
Ерлік Жуасбек,
Бикен Римова атындағы
Академиялық драма театрының директоры





























