Жетісу облысында 35 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Атап айтқанда, жеке үйлер мен пәтерлердің кілті Талдықорған қаласы мен Көксу ауданының тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарына берілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғанда әлеуметтік осал санаттағы 28 отбасы үйлі болды. Оларға бір, екі және үш бөлмелі баспана кілттері табысталды. Берілген тұрғын үйлер қаланың «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» шағын ауданынан және Қадырғали Жалайыри даңғылында орналасқан.
Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қуанышы еселенген жандардың қатарында көп балалы ана Бақыт Бозтаева да бар:
— Осы күнді ұзақ күттім, тұрғын үй кезегінде 10 жылға жуық уақыт тұрдым. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Бұл көп балалы отбасы үшін үлкен қуаныш. Алты баланың анасымын, «Күміс алқа» иегерімін. Балаларымның өз шаңырағы, жылы әрі жайлы баспанасы болғанына шексіз қуаныштымын. Үйлі болғандардың барлығына құтты болсын деймін, – деді ол.
Элеонора Хоритонова да өзінің ризашылығын білдірді:
— Он бір жылдан бері кезекте тұрдық, бүгін баспаналы болу туралы арманымыз орындалды, өте қуаныштымыз. Бізбен бірге қуанышқа кенеліп жатқан көршілеріміздің де жаңа пәтерлерінің іші құт-берекеге толы болсын, — деді жаңа қоныс иесі.
Осы күні Көксу ауданының Балпық би, Жамбыл, Зылиха Тамшыбай ауылдарында жалпы саны 7 үй қолданысқа берілді. Жеке тұрғын үй кілттеріне кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағылар, атап айтқанда толық емес және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар ие болды.
— 2016 жылы тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Толық емес отбасы санаты бойынша баспана алып отырмын. Бұл – менің отбасым үшін ерекше күн. Балаларымның өз шаңырағы бар болғанына қуаныштымын. Осындай қолдау мен қамқорлық көрсеткені үшін мемлекетімізге ризамыз, – деді Весняна Белова.
Атап өтсек, Талдықорған қаласында өткен жылы 600-ден астам тұрғын баспаналы болса, биылғы жылдың басынан бері 120-ға жуық азамат өз пәтерлеріне қол жеткізді. Ал Көксу ауданында 2022–2024 жылдар аралығында 188 отбасы баспанаға ие болды. Оған қоса әлеуметтік осал санатындағы отбасылар үшін 90 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға бұл үйлер кезең-кезеңімен табысталады деген жоспар бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Талдықорған қаласының және Көксу ауданының әкімдіктері ұсынды.





























