Жетісу облысында бір күнде үш өрт сөндіру бөлімі қолданысқа берілді. Талдықорған қаласындағы, Көксу және Кербұлақ аудандарындағы жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімдерінің ашылу салтанатына өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні алдымен Талдықорған қаласындағы алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды. Құтқарушылармен бірге Апаттар медицинасы орталығының жеке құрамы орналасқан өрт сөндіру бөлімі өрт сөндірушілер мен апаттар медицинасы мамандарын бір шаңырақ астына біріктірген көпфункционалды жедел әрекет ету кешенін құруға мүмкіндік берді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов:
— Бүгін біз заманауи жедел әрекет ету кешенін ашып отырмыз. Біздің мақсат – құтқарушыларға лайықты қызмет жағдайын жасап, халыққа барынша жедел әрі сапалы көмек көрсету. Біз азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту бағытын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз, ал Талдықорған – осы жүйелі жұмыстың жарқын үлгісі, – деп атап өтті.
Сол сияқты облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев та өз сөзінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті апатты жағдайдың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін тілге тиек етіп, бұл орайда өңірде азаматтық қорғаныс саласына қолдау көрсету тұрақты жалғасатынын жеткізді.
Салтанатты жиын аясында өңірлік ТЖД қызметкерлеріне және өрт сөндіру бөлімі ғимаратын жаңғырту жұмысына үлесін қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар табысталды. Сонымен қатар бірқатар үздік қызметкерлер мен жобаға қатысушыларға кәсібилігі мен өңірдің қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы берілді.
Ғимараттың лентасы қиылып, символдық кілті табысталғаннан кейін қонақтар ғимараттың ішін аралап көрді.
40 жылдан астам уақыт бойы толыққанды жауынгерлік бөлімше ретінде жұмыс істемеген бұл нысан толықтай жаңартылды. Ғимаратта техникаға арналған заманауи бокстар, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер, оқу сыныптары, демалыс бөлмелері, асхана және душ бөлмелері жабдықталған. Жеке құрам үшін спорт алаңы, шағын футбол алаңы және воркаут аймағы қарастырылған. Бұл олардың жоғары деңгейдегі дене даярлығын сақтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы күні Төтенше жағдайлар министрі Көксу және Кербұлақ аудандарындағы өрт сөндіру бөлімдерінің ашылу салтанатына қатысты.
Атап өтсек, Көксу ауданы Балпық би ауылындағы 1940 жылы салынып, апатты жағдайда болған өрт сөндіру депосы жергілікті бюджет қаржысына жаңадан тұрғызылды. Ал Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімшесі 1994 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген болатын, биыл реновациядан кейін жаңа кейіпте пайдалануға ұсынылды.
Жалпы, 2025 жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Қаратал ауданының Алмалы ауылында, Ескелді ауданының Ақын Сара ауылында 2 өрт сөндіру пункті ашылса, биыл облыстың 26 елді мекеніне салу жоспарлануда.
. Бұған қоса, республикалық бюджет есебінен Талдықорған қаласында 4 шығатын қақпасы бар өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр, тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге Алакөл курорттық аумағын өрттен қорғау мақсатында Ақши ауылында өрт сөндіру депосын салу жоспарда бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлиев.





























