Денсаулық сақтау, жол-көлік, білім және басқа да маңызды салаларға қосымша қаржы бөлінді

80
Дереккөз

Облыстық мәслихаттың кезекті 62-сессиясы онлайн форматта өтіп, онда облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің биылғы жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді. Сол сияқты осы отырыста облыстың 2020 жылғы бюджетіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, денсаулық сақтау саласына қосымша 1,8 млрд. теңге, соның ішінде дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға, медицина мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға, білім саласына 8,7 млрд. теңге, яғни мектептерде кезекші сыныптар жұмысын жүргізуге, жұмыс істеп тұрған балабақшаларды ұстауға және өзге де қажеттіліктерге, сол сияқты басқа да бірқатар салаларға қаржы бөлінді.

Облыс әкімі Амандық Баталов депутаттар алдында жасаған баяндамасында пандемияға қарамастан, өңірдегі өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да маңызды салалардың барлығында өсім қарқыны сақталғанын айтты. Сөзін көрнекті слайдпен айқындай отырып, барлық сандық көрсеткіштерді атап өтті. Облыс басшысы өз есебінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, індетпен күрес, халықтың әл-ауқатын арттыру шаралары және басқа бағыттағы жұмыстардың барлығын да қамтыды. Баяндамадан соң Еңбекшіқазақ, Ақсу, Ұйғыр аудандарынан мәслихат депутаттары Қуат Сұлтанғазиев, Рахат Ыбыраева, Нұрәкім Есжанов сөз сөйлеп, аудандарда ел игілігін көрген жобалар мен атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Бұл істердің барлығы да мемлекет қолдауымен жасалғанын тілге тиек етті. Облыс көрсеткіштері аудан, қалалардан құралатынын ескерсек, облыстың дамығаны – елді мекендердің дамығаны. Бұл ретте сөз сөйлеушілер Амандық Ғаббасұлының есебіне қанағаттанарлық деп оң баға берді. Депутат Ызғарбек Бектұрсынов ириигациялық жүйелерді жөндеу, сервистік дайындық орталығын құрып, техникалар алу жағына қолдау көрсету туралы ұсынысын білдірді. Облыс басшысы айтылған мәселелер назарға алынып, оң шешімін табатынын айтты.

Сессия барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов 2020 жылға арналған облыс бюджетіне өзгеріс енгізу туралы шешімнің жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, қорғаныс, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы салаларына қаржы бөлінеді. Мәселен, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 114,8 млн. теңге бөлінсе, қалалық және кентішілік жолдар үшін 607,3 млн. теңге қарастырылып отыр. Нарынқол ауылын көркейту мақсатына 183,9 млн. теңге қосымша жұмсау көзделген. Апатты жағдайдағы су шаруашылықтары мен гидромелиоративтік жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға 300,4 млн. теңге бағытталады. Сол сияқты ауыл шаруашылығының бірқатар бағыттарын субсидиялауға да қаржы бөлінбек. Денсаулық сақтау саласында өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық техникалық базаларын нығайтуға, мекемелерді жаңа жүйелерге қосуға, дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға да қосымша қаржылай қолдау көрсетілетін болады.

Ж. Әмірханов оқыған шешім жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сол сияқты сессияның күн тәртібінде басқа да бірқатар мәселелер қаралып, барлық шешімдердің жобалары бекітілді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK