Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл демографияға елеулі үлес қосып, жас буынды тәрбиелеп, өсіріп отырған көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстап, құрмет көрсетті.
Марапаттау рәсімі барысында қала әкімі көпбалалы аналардың қоғамдағы және отбасы институтын нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Ананың ерен еңбегі елдің болашағы саналатын жас ұрпақтың қалыптасуындағы басты құндылық екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау әрдайым басты назарда екенін жеткізді. «Бала тәрбиелеу ең үлкен еңбек, ал ұрпақ тәрбиелеу — ұлт болашағын қалыптастыру. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен аналық мейірімдеріңіз қоғам үшін баға жетпес байлық. Бүгін табысталып отырған «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» марапаттары тек құрмет белгісі ғана емес, сіздерге деген ерекше ілтипаттың көрінісі деп білемін. Ұрпақтарыңыздың әрдайым елге сүйікті, Отанға адал азамат болып өсуіне тілектеспін»,- деді қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы. Салтанатты жиында барлығы 20 батыр ана марапатталды. Оның ішінде 6 ана «Алтын алқа», 14 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Марапат иелері көрсетілген құрмет пен қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, аналық мейірім мен отбасындағы береке-бірліктің бағалануы зор қуаныш екенін атап өтті.





























