Жетісу облысы құрылғаннан бері ауылдық жерлерде 29 мәдениет нысаны пайдалануға берілді

Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 29 мәдениет нысаны іске қосылды, оның 18-і жаңа құрылыс. Солардың бірі жуырда Қаратал ауданының Көпбірлік ауылында бой көтерген мәдениет үйі. Ауылдықтар үшін мәдениет үйінің ашылуы көптен күткен игі жаңалық болды, себебі ауылда бұған дейін мұндай нысан болмаған , — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәдениет үйінің ашылуы салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысты.

Аудан әкімі мәдениет үйі ұжымына LED-экран мен дыбыстық аппаратура сатып алуға арналған сертификат табыстап, бұл заманауи нысан рухани дамуға жол ашып қана қоймай, қоғам бірлігін нығайта түсетінін, ал заманауи техникалық жабдықтау іс-шаралардың деңгейін арттыратынын атап өтті.

Ғимараттың лентасы қиылып, ресми түрде ашылғаннан кейін қонақтар нысанның ішін аралап көрді.

Атап өтсек, жаңа мәдениет үйінде бұқаралық-мәдени іс-шаралар өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 120 орындық мәжіліс залы бар. Сондай-ақ осы ғимаратта 3700 дана кітап қоры бар кітапхана да орналасқан.

Оған қоса мәдениет мекемесінде балаларға арналған домбыра, би үйірмелері жұмыс істейді. Қазір мұнда 1-10 сынып оқитын 40 бала биге қатысады. Солардың бірі Құндыз Бектілеуова:

— Бұрын бізде репетиция жасап, өнер көрсетететін орын жоқ болатын. Қазір үлкен сахнасы, әдемі залы бар мәдениет үйі ашылды. Енді барлық іс-шараларға қуана қатысамыз, — деді ол.

Сол сияқты би үйірмесінің жетекшісі Рауан Байғозинова жаңа ғимараттың ашылуы балалардың дарынын ұштауға көмектесетінін айтады.

— Қазір үйірмені сапалы өткізуге мүмкіндік жасалды. Балалар биге үлкен қызығушылықпен келеді. Бұл мені жетекші ретінде жұмысымды ықыласпен атқаруға қанаттандырады, — дейді ол.

Жаңа ғимараттың ашылғанына кітапханашылар да риза.

— Мен кітапханашы болып 40 жылдан бері жұмыс істеймін. Бізге балалар да, ересектер де, ауылдың қарт тұрғындары да келеді. Бұрын жергілікті әкімдік ғимаратында отырдық, ол оқырмандарымыз үшін өте қолайсыз болды. Қазір кітапхананың өзіне тиесілі кең әрі жарық ғимаратының болғаны қатты қуантады, — дейді кітапханашы Зәмзагүл Ибраимова.

Атап өтсек, Көпбірлік ауылында 910 адам тұрады, соның 228-і жастар.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотграфтар: Жұмабай Мұсабаев, Дмитрий Ерофеев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз