Қазақстанда тұмауға қарсы екпе науқаны басталды. Аталмыш дерттің алдын алу мақсатында Алматы облысы бойынша 300 мың дозаға тапсырыс берілген. Бұл – жергілікті тұрғындардың 14 пайызын қамтуға жеткілікті. Мамандардың айтуынша, Ресей елінде өндірілетін осы вакцина отандық медецинада 4-ші жыл қатарынан қолданылып келеді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

«Тұмауға қарсы егілейік!» акциясы Талдықорғандағы №6 емханада өтті. Аталмыш шарада облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов алғашқылардың бірі болып, екпе жасатты.

«Вакцинаны алу үшін бізге жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Бұл жолы 191 миллионнан астам теңгеге 161 800 вакцина сатып алдық. Қосымша тағы 150 мың препаратқа келісімшарт жасалды», — дейді Е.Сыдыманов. Облыстық бас санитардың айтуынша, екпе егу қараша айының соңына дейін жалғаспақ. Оны бірінші кезекте медициналық ұйым қызметкерлері, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер, 65 жастан асқан азаматтар, жүрек қан тамырлары жүйесі және тыныс алу органдарының созылмалы ауруымен ауыратын науқастар тегін ала алады. Ал, өзге санаттар үшін вакцина ақылы. Яғни, бір препараттың құны – 867 теңге.

Талдықорған қаласындағы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гауһар Өмірзақова:

— Қалаға вакцинаның 13 997 дозасы берілген. Біз бұл препаратты жылда қолданамыз. Сапасы өте жақсы деуге болады, оң нәтижесін беріп жатыр. Қазір күз мезгілі, ақырындап күн салқындап келеді. Бұл уақытта тұмау өрши түсетіні белгілі. Осы кезде вакцина салдыртқан адамдар «екпе жасаттым» деп алаңсыз жүрулеріне болмайды. Мүмкіндігінше сақтық шараларын орындағаны жөн. Яғни, күнделікті үйде бөлмелерді желдетіп тұру керек, емханаларға барғанда ауру белгісі бар адамдардан алшақ тұрғаны абзал және медициналық бетперде тағып жүру міндетті. Оның үстіне тұмау науқаны кезінде адам көп шоғырланған жерлерде ұзақ уақыт жүруге болмайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK