Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданын одан әрі дамытуға қатысты он негізгі міндетті белгіледі

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының активімен кездесіп, аталған аймақты одан әрі дамытудың он негізгі міндетін белгіледі, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Жетісу облысы үш жыл қатарынан әлеуметтік-экономикалық өсім бойынша республикада үздіктер қатарында. Өткен жылды да жақсы аяқтадық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Кербұлақ ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жаман емес. Барлық салада ілгерілеушілік бар. Бұл қарқынды биылғы жылы да сақтау керек. Осыған байланысты жаңадан сайланған аудан әкімі Жанат Жүнісбековке, жергілікті әкімшілікке бірқатар міндеттер жүктеледі, — деді Б. Исабаев.

Атап айтқанда, бірінші, жылу беру маусымын үзіліссіз жалғастыру қажеттігі айтылды. Екінші, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізуді ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Үшінші, игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, көктемгі егіс науқанына дайындық, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын әзірлеу, тұқымның, тыңайтқыштың қажетті көлемін және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету де ерекше бақылауда болуы тиіс. Оған қоса ирригация жүйелерін қалпына келтіріп, су үнемдеу технологияларын белсенді қолдану маңызды.

Төртінші, Президенттің тапсырмасын орындау аясында мал шаруашылығын дамыту, атап айтқанда ет өңдеу мен экспорттық әлеуетін арттыру бағытын ерекше қолға алу қажет. Ол үшін аудан аумағында тауарлы сүт фермаларын, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарын ашу керек.

Сарыөзек ауылы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселе ұзақ жылдан бері шешілмей келген, қазіргі кезеңде су құбыры желілерінің негізгі құрылыс жұмыстары бітті. Бұл ретте бесінші міндет —  жоғары қысыммен бүкіл су құбыры жүйесін сынақтан өткізіп, ауыз судың сапасын тексеру және абаттандыру жұмыстарын биылғы 1-ші шілдеге дейін толықтай аяқтап, пайдалануға беру қажет.

Алтыншы, газдандыруға жататын қалған 6 елді мекенге газ тартудың құжаттарын дайындап, құрылыс жұмыстарын бастау керек. Жалпы, ауданда 25 ауылға газ тартылған.

Жазға дейін аудан аумағында тағы бір маңызды нысан – Сарыөзек ауылын айналып өтетін жол толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл ретте облыс әкімі жетінші міндет ретінде аталған жұмыстардың сапасын тұрақты түрде бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ, сегізінші, аудан әкімі Кербұлақ аудандық ауруханасын қайта жаңғырту жұмыстарын да ерекше бақылауда ұстауы тиіс, бұл құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.

Тоғызыншы, жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыс күшейтілуі керек.

Ал оныншы міндет ретінде туризмді дамыту бағытында тиімді шаралар қабылдау тапсырылды.

Еске салсақ, 21 қаңтарда облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының активімен кездесіп, жиында жаңа сайланған әкімді таныстырған болатын.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, сондай-ақ бірқатар фотосуреттерді Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз