«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған «ECO IT: Тазалыққа жол!» атты экологиялық хакатон өтті.
Аталған хакатонның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәселелерге деген саналы көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерге заманауи, креативті және тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік беру, сондай-ақ жастар арасында экологиялық белсенділікті арттыру. Іс-шара экология тақырыбындағы инновациялық ойлар мен тың бастамаларды қолдауға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Хакатонға өңірдің әртүрлі жоғары оқу орындары мен колледждерінен 12 команда қатысып, өздерінің экологиялық жобаларын әзірлеп, қазылар алқасының назарына ұсынды. Қатысушылар экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарын қорғап, командалық жұмыс, көшбасшылық, стратегиялық ойлау және жобалық менеджмент дағдыларын көрсетті.
Іс-шара бағдарламасы аясында экология, тұрақты даму және қоғамдық белсенділік саласында тәжірибесі мол спикерлер мазмұнды баяндамалар жасап, экологиялық қауіпсіздік, тазалық мәдениеті, жауапты тұтыну және қоғамның экологиялық ой-санасын көтеру мәселелері бойынша ой бөлісті.
Шара спикерлері ретінде «Алтын Адам креатив орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бакирова, Қазақстан студенттер альянсының Жетісу облысы бойынша төрағасы, Жетісу облысының студенттік омбудсмені Ақерке Қызайбай, «Jetisu jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Байжұрынов сөз сөйледі.
Хакатон қорытындысы бойынша үздік деп танылған 3 жоба арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Атап айтқанда, 1-орын «ECO Next», 2-орын «Help Hand», 3-орын «Taza Code» командаларына берілді. Сонымен қатар қатысушылардың бәріне алғыс хаттар табысталып, олардың экологиялық бастамаларға қосқан үлесі жоғары бағаланды.
«ECO IT: Тазалыққа жол!» экологиялық хакатоны жастардың экологиялық мәселелерге бейжай қарамай, таза орта қалыптастыру жолында белсенді әрекет етуіне мүмкіндік берген маңызды қоғамдық платформа болды.
#ТазаҚазақстан #TazaQazaqstan
Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша.





























