Адамзатқа ортақ рухани қазына – әр халықтың сан қырлы ой-пікірі, ойшылдары мен қаламгерлерінің мәңгілік мұралары. Сол асыл арнаның төрінен XIX ғасырда өмір сүрген дана Абайдың орны айрықша. Оның гуманистік-философиялық толғамдары, таным көкжиегін кеңейтер терең байламдары тек бір дәуірдің емес, бүкіл адамзат өркениетінің игілігі. Абай шығармашылығы ғасырлар арасын жалғап, әлемдік мәдениетке ортақ өрнек сызған, ұлттың болмысын танытқан мәңгілік құндылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек» деп Абай ілімі болмысымыздың өзегі болуға тиіс екенін атап өткені қуантты. Ахмет Байтұрсынұлынша айтсақ «Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ». Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз деп білемін.
Асылсейіт СЛАМЖАНОВ, №12 ОМГ мұғалімі





























