Жетісу облысында жолдардың қысқы маусымдағы күтіміне 524 бірлік қар тазалау техникасы тартылған. Бұл ретте 31 мың тоннаға жуық инертті материал дайындалып, бүгінгі күнге соның 16 мың тоннасы мақсатқа пайдаланылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдегі республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің ішкі көшелеріне қысқы күтіп-ұстау және ондағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5-ЖПУ мен 62 мердігер мекеме қызмет көрсетуде.
— Биылғы маусымда қыс мезгіліндегі қар тазалауға 524 арнайы техника жұмылдырылған, оның 83-і республикалық маңызы бар жолдарда, 150-і облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда, 291-і елді мекендер ішіндегі жолдарда жұмыс істейді. Көктайғаққа қарсы және жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемі жеткілікті. Бұл ретте қауіпті және таулы учаскелер аумағындағы жол жиектеріне тайғаққа қарсы материалдар себу жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қауіпсіздігі үшін 460 дана уақытша жол белгілері орнатылған.
Атап өтсек, Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 019 км. Соның ішінде республикалық маңызы бар жол – 1 034 км, жергілікті маңызы бар жол — 2 985 км.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі




























